Фото

Токио Олимпиадасында ел намысын қорғаған спортшылар – фото

Sputnik

Тәуелсіздік жылдары ішінде ел құрамасы жеті қысқы және жеті жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Осы уақыт аралығында Олимпиада қоржыны 69 "жазғы" және 8 "қысқы" медальмен толықты. Оның ішінде он алты жүлде – алтын.

Егер жазғы Олимпиада жайлы айтсақ, биылға дейін Қазақстан құрамасы алтынсыз қайтқан емес. Олимпиаданың жеті алтын медалін боксшылар алды. Сондықтан былғары қолғап шеберлеріне үлкен үміт артылған еді. Алайда қазақстандық боксшылар осы жолы елге екі қола жүлдемен оралды.

Жеңіл және ауыр атлетика, веложарыс, бессайыс, жүзу және күрес - қазақстандықтар әр жылдары алтын медаль алған спорт түрі.

Тхеквондо, дзюдо мен атыс ел құрамасының қоржынын күміс және қола жүлдемен толықтыратын.

Биыл Олимпиадаға елден 97 спортшы аттанғанын атап өту керек (1996 жылы Атлантадағы стадионда 96 отандасымыз жүріп өткен болатын).

1 / 23
Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасының ашылу салтанатында. Үкілеген үміт зор еді...
2 / 23
Әлия Юсуповадан тәлім алған қазақстандық гимнастшы Алина Әділханова финалға өте алмады. Алайда он тоғыз жастағы гимнаст қыздың алар асуы әлі алда деп сенейік.
3 / 23
24 жастағы бокстан спорт шебері, қола жүлдені иеленген Сәкен Бибосынов жартылай финалдағы жеңілістен кейін көз жасына ерік берді. Жас спортшы Олимпиададағы жеңісін қазақстандықтар мен Айлин есімді жиен қарындасына арнады.
4 / 23
Апалы-сіңлілі Александра мен Екатерина Немич үшін бұл екінші Олимпиада. 2016 жылы Риодағы нәтижемен салыстырғанда олар бес ұпайға жоғарылады. Әйтсе де бұл көрсеткіш Немичтерге жалпы біліктілік бойынша 16-ші орынға ғана жайғасуға мүмкіндік берді.
5 / 23
Лондонда жарыстан шеттетілген және Риодағы Олимпиадаға қатыса алмаған ауыр атлет Зульфия Чиншанло Токиода қола медаль алды. 28 жастағы спортшының Олимпиададағы екі жаттығу бойынша үш нәтижесін есепке алмай, рекордтан айырды.
6 / 23
33 жастағы каратеші Дархан Асәділов Олимпиада бағдарламасына карате енгізілгеннен кейін өз қоржынын бірден қола медальмен толықтырды.
7 / 23
2019 жылы әлем чемпионы атағын иеленген Бекзад Нұрдәулетов Қазақстанға бірнеше чемпион сыйлаған салмақ дәрежесі бойынша Олимпиаданың жартылай финалына өте алмады. Алайда 23 жастағы спортшы Олимпиадаға бірінші рет қатысып отыр. Ол Қазақстанға әлі де алтын әкеледі деп сенейік.
8 / 23
2016 жылы Риода үздік нәтиже көрсеткен 26 жастағы Дмитрий Баландин Олимпиадаға екі жолдама алса да жеңіс тұғырынан көріне алмады.
9 / 23
Еркін күрестен Нұрислам Санаев қола медаль алды. Алайда оның жекпе-жек кезінде қарсыласының құлағын тістеп алғаны мәлім болып, мәселені халықаралық федерация қарады. Дегенмен атлетке қатысты жаза қолданбау туралы шешім шығарылды.
10 / 23
Финалға өте алмағанымен 25 жастағы Ришат Хайруллин үшін Олимпиадада шыңға шығу бойынша жарысқа қатысудың өзі үлкен жетістік болды.
11 / 23
Ширек финалда жеңіліп қалған Закир Сафиуллин ринг тіректерінің бірін теуіп жіберді. Алғаш рет Олимпиадаға жолдама алған 34 жастағы боксшы сезімге ерік берді. 1994 жылы шаршы алаңға шыққан боксшы Токиоға дейін Олимпиадаға қатысқан емес.
12 / 23
Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 28 жастағы "Астана" веложарысшысы Алексей Луценко өз кумирі Александр Винокуровтың нәтижесін қайталай алмады.
13 / 23
28 жастағы дзюдошы Елдос Сметов Токио Олимпиадасындағы Қазақстанның алғашқы медалін иеленді. Спортшы осымен екінші рет Олимпиадаға қатысып отыр. Риодағы жарыста ол күміс жүлде алған болатын.
14 / 23
Қазақстан құрамасының туын ұстаған 29 жастағы ауыр салмақтағы боксшы Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда қарсыласына есе жіберіп, Токио Олимпиадасынан қола жүлдемен оралды. Азия мен әлем чемпионаттарында жүлделі орын иеленіп жүрген спортшы өз карьерасында алғаш рет Олимпиадаға жолдамаға алған болатын.
15 / 23
23 жастағы Талдықорған тумасы, садақшы Ильфат Әбділлин Олимпиададағы жеке біріншіліктің ширек финалына өте алмады. Ол 2017 жылдан бері халықаралық жарыстарға қатысып келеді.
16 / 23
Қазақстан құрамасы су добы бойынша жарысқа 2000 жылдан бері қатысып келеді. Бірақ 2008 және 2016 жылдары өткен Олимпиадаға қатыспаған болатын.
17 / 23
Олимпиаданың үш медалінің иегері, 36 жастағы Ольга Рыпакова біліктілік бойынша өте алмаған Токиодағы ойындардан кейін енді Олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеді.
18 / 23
Бұл Олимпиада қазақстандықтар үшін өкінішке толы болды: Риода күміс медаль алған 33 жастағы боксшы Василий Левит бірінші кездесуден кейін-ақ жарыстан шығып қалды.
19 / 23
Олимпиаданың жеті лицензиясын алған Милад Карими көпсайыс, еркін және кермедегі жаттығулар бойынша үш финалға өте алды. Алайда оның ең үздік нәтижесі еркін жаттығулар бойынша бесінші орын болды. Бірақ мамандар 2018 жылы алған жарақатынан кейін үлкен жарысқа қайта қадам басуының өзі спортшының үлкен жеңісі екенін айтуда. 23 жастағы спортшы 2017 жылдан бері халықаралық жарыстарға қатысып келеді және бұл оның тұңғыш Олимпиадасы.
20 / 23
Қазақстан рекордының иегері, 23 жастағы ауыр атлет Игорь Сон Олимпиададағы алғашқы қола жүлдесін алды. Ол 2019 жылдан бері халықаралық деңгейде жарыстарға қатысып жүр.
21 / 23
29 жастағы өскемендік семсерші Руслан Құрбанов 2011 жылдан бері халықаралық жарыстарға қатысып жүргеніне қарамастан Олимпиадаға тұңғыш рет жолдама алды.
22 / 23
22 жастағы қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Олимпиададағы жеке біріншілікте төртінші болды.
23 / 23
Сегіз қола жүлдені қанжығасына байлаған Қазақстан құрамасы медаль саны бойынша есепте 79-шы орында тұр. Бұл жазғы Олимпиада ойындары тарихындағы ең нашар нәтиже болып отыр.