Әлем

АҚШ Large Scale Exercise 2021 оқу-жаттығуын қалай өткізіп жатыр

АҚШ-та соңғы 40 жылдағы ірі Large Scale Exercise 2021 (LSE) теңіздегі оқу-жаттығулар өткізіліп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Оқу-жаттығулар бес флотты, мыңдаған теңізшіні, ондаған кеме мен суасты қайығын қамтыды. Маневрлер бірден 17 сағат белдеуінде екі аптаға созылады, деп жазды РИА Новости.

Оқу-жаттығулардың сценарийі бойынша АҚШ әлемдегі кез келген қарсыласына жаһандық сипатта қарсы тұруы керек. Америкалықтар жаңа тактикалық және стратегиялық әрекеттерді орындап, кемелердің палубалық авиациямен өзара іс-әрекетін пысықтайды, озық қару-жарақ пен техниканы іс жүзінде тексеріп көреді.

Болашақ әскери ұшқыштар жауынгерлік оқу-жаттығу ұшағымен әуеге көтерілді - видео
Адмиралдар бір уақыттта бірнеше өңірде әрекет ету мүмкіндігін дәлелдегісі келеді. Ол үшін америкалық әскери-теңіз күштеріндегі барлық кеме түрі – авиатасымалдағыштар, зымыран крейсерлер, эсминецтер, суасты қайықтары, тікұшақ тасымалдаушылар, жүзетін докалар тартылды. Пилотсыз ұшатын техника мен теңіз авиациясы белсенді жұмылдырылады деп күтілуде. Атап айтқанда, "Карл Винсон" авиатасымалмаушы F-35С жойғыш ұшақтарымен алғаш рет теңізге шықты.

Оқу-жаттығулар географиясы: Атлантика, Тынық мұхиты, Оңтүстік Қытай, Шығыс Қытай, Қара және Жерорта теңіздері. Тапсырмалар аясы өте кең. Қолбасшылықтың негізгі мақсаты – кеме құрылымдары арасындағы өзара әрекеттестікті қалпына келтіру, ақпарат алмасуға арналған сенімді арна түзу, суүсті, суасты және әуе күштерін үйлестіру. Сонымен қатар өзара жіктелген теңіз операцияларын, негізгі базаларды жайғастыруды, шартты қарсыластың жағалауына жақын маңдағы әрекеттерді орындауды пысықтау керек болады.

Қызықты мәлімет: америкалықтар теңіздегі соғыстың негізгі құралы ретінде жалғыз авиатасымалдаушы соққы жасаушы топтардан біртіндеп бас тартып келеді. АҚШ флот күштері қолбасшылығының басшысы (US Fleet Forces Command) адмирал Кристофер Грейди алдағы уақытта авиатасымалдаушы соққы жасаушы топтар ірі құрылымдардың құрамында бірыңғай бағыныста болатынын айтты. Басты рөл әлдеқайда шағын бірлестіктерге беріледі.

"Біз авиатасымалдаушы соққы жасаушы топтарды қолдану стратегиясы мен тактикасын жақсы меңгеріп үлгердік. Оқу-жаттығулар кезінде өз бетінше де, басқа құрылымдармен біріккенде де тиімді болатын шағын кемелердің мобильді топтарына баса назар аударылады. Бұл топтар ешқандай шығынға қарамастан соғысу қабілетін сақтай алуы керек. Осы орайда біз Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әдістерге қайта ораламыз. Ол шақта бізде қымбат емес және әлдеқайда тиімді кеме көп болатын. Бірқатар кемені жоғалтқанымызбен, флот жалпы алғанда соғысуға қабілеттілігін сақтап тұрды. АҚШ әскери-теңіз күштерінің соғыс кезіндегі шығындарға дайын болуы ықтимал қарсыласты тежеп тұратын факторға айналады", - деді журналистерге Ньюпорттағы әскери-теңіз колледжінің профессоры Джеймс Холмс.

Аналитиктердің пікірінше, Large Scale Exercise халықаралық аренада Вашингтонның пікіріне тәуелсіз саясат жүргізуге тырысып жатқан елдерге бағытталған. Бірінші кезекте Ресей мен Қытайға қатысты. Шараны ұйымдастырушылар да мұны аса қатты жасырып отырған жоқ.

Пентагон құрлықтағы әскер артиллериясын күшейтуді қолға алды
Оқу-жаттығулардың кейбір кезеңі Қырым мен Тайвань жағалауына жақын маңда өтетінін ескерсек, америкалық теңізшілер ресейлік және қытай әскерилерінің титығына тиюі ықтимал. Сондықтан маусымда Қара теңізде британдық Defender эсминецінің қатысуымен болған жағдай тағы қайталануы мүмкін. Жалпы сарапшылар оқу-жаттығулардың басты мақсаты жаһандық сипатта екеніне сенімді.

"Пентагон бес флотты теңізшілердің жәй ғана жаттығуы үшін аттандырып жатқан жоқ. Ол үшін Вашингтон сонша ауқымды қаражат жұмсамайтын еді. АҚШ әлемдік көшбасшы екенін танытудың жаңа үлгісіне көшті. Назар аударсаңыз, LSEм-ге тек америкалықтар қатысып жатыр. НАТО-ның басқа елдерін шақырған жоқ. Олар бүкіл әлемге ғаламшардағы жетекші әскери күш АҚШ-тың қолында екенін көрсеткісі келеді", - деді РИА Новостиге Әскери ғылымдар академиясының мүшесі Сергей Судаков.

Сарапшы бұл оқу-жаттығу Вашингтонның өз күшін көрсетудің қолайлы әдісі болғанын айтты. Себебі АҚШ-та шеру өтпейді, Таяу Шығыс пен Ауғанстанда флоттың толық қуатта әрекет ететін мүмкіндігі болған жоқ. Дональд Трамптың НАТО елдерімен кикілжіңі, президент сайлауындағы күмәнді нәтиже, BLM-даулар салдарынан ел беделіне де нұқсан келді. Судаковтың пікірінше, АҚШ осы ауқымды оқу-жаттығулар арқылы әлемге өздерінің қауқарын паш етуді көздеп отыр.

Штаб басшыларының бірлескен комитеті төрағасының орынбасары генерал Джон Хайтен өткен жылғы әскери оқу-жаттығулар кезінде Қытаймен қақтығыс пысықталғанын ашық айтты. Алайда генерал америкалық әскердің күл-паршасы шығып жеңілгенін мойындады.

"Шартты қарсылас біздің соғыс жүргізу әдісімізді ондаған жыл бойы зерттеп, біздің қай уақытта қандай әрекет жасайтынымызды жақсы білді", - деді Хайтен.

Генералдың айтуынша, спутник, ұзақ қашықтықта әрекет ететін дәлдігі жоғары қару, киберқару, радиоэлектронды шабуылға қарсы күрес құралдары сынды әскери хайтекке деген тәуелділік АҚШ әскери күштерінің осал тұсы болып отыр. Соңғы он жылдағы қақтығыста америкалықтар технологиялық тұрғыдан әлсіз қарсыласпен бетпе-бет келді. Заманауи байланыс құралдарына қожетімділік пен жедел ақпарат алмасу мүмкіндігі оларға үлкен басымдылық берді.

Хайтеннің пікірінше, Ресей мен Қытай ақпараттық ортада басымдылыққа ие болу АҚШ үшін қаншалықты маңызды екенін біліп отыр. Алайда шынайы соғыс туындаған жағдайда Мәскеу мен Бейжіңнің Пентагон күшінен басым түсетіні ақиқатқа айналатын секілді.