Өңірлер

Алматы облысында екі бірдей сәбиін сатпақ болған әйел ұсталды

Оның белгісіз әйелдің атына сенімхат рәсімдеп, баланы Қазақстаннан алып шығуға рұқсат бергені анықталды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз — Sputnik. Алматы облысында әйел жаңа туған сәбиін сатпақ болды. Полиция бұл жайлы оны ата-ана құқығынан айыру туралы азаматтық істі қарау барысында білді.

Құқық қорғаушылар әйелдің баланы басқа адамдарға тапсырып, асырап алу құжатын рәсімдемек болғанын анықтады, деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

"Тексеру барысында әйел перзентханадан шыққаннан кейін заң бойынша тыйым салынғанына қарамастан, баланы өз еркімен басқа адамдарға табыстағаны белгілі болды", - деді полициядағылар.

Әйелдің біраз жыл бұрын да перзентханадан шыққан соң өз баласын басқа адамдарға бергені кейінірек анықталды. Ол белгісіз әйелдің атына сенімхат рәсімдеп, баланы Қазақстаннан тыс алып шығуға рұқсат берген.

"Жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 135-бабы, яғни кәмелет жасына толмаған балалар саудасы бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полициядағылар.

Тергеу барысында күдікті өз кінәсін мойындап, әрекеті үшін өкінетінін жеткізді.

Алматы облысындағы №2 кәмелет жасына толмағандар ісі бойынша мамандандырылыған ауданаралық сот әйелді кінәлі деп таныды. Оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда бұл жазаның өтеу мерзімі екі баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды.

Қазақстанда білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, ата-ананың қарауынсыз қалған балалар бастапқы есепке тіркеледі. Олар туралы мәлімет бастапқы есеп журналына енгізіледі.

Оқи отырыңыз: Ақмола облысында баласын 1 млн теңгеге сатқан әйел ұсталды