Әлем

Ресей рублі жете бағаланбай отырған валюта ма

Соңғы жеті жылда рубльге антиресейлік санкциялар мен оларды кеңейту қауіпі сияқты геосаясат әсер етіп отыр, дейді сарапшы
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Ресей мен АҚШ-тағы McDonald's дәмханаларындағы бигмак бағасын есепке алсақ, доллардың құны 30 рубль болуы керек. Бұл баға 2013 жылғыдан төмен. Американың экономикалық журналындағы индикатор қаншалықты объективті және нақты, "бургерлік" баға көрсеткішінің айырмашылығы туралы РИА Новости жазды.

"Бигмак индексі" бойынша ресейлік рубль жете бағаланбауы жағынан тек ливандық фунттан кейін тұр. Бургердің бағасы бүкіл жерде шамамен бірдей болуы керек. Ал АҚШ-тан әлдеқайда арзан болса, демек сол елдің валютасы жете бағаланбай отыр немесе керісінше.

Ресейде бигмак – 169 рубль, АҚШ-та – 5,65 доллар тұрады. Сонда әділ баға 30 болуы керек. Алайда нақты айырбас құны – 74,53. Яғни орыс валютасы 60 процентке құнсызданып отыр. Еуро – 11,1-ге, британ фунты – 15,5-ке.

Рубль құлдырап кетті: министр теңгенің алдағы тағдыры туралы айтты
Төрт валюта асыра бағаланған. Әсіресе венесуэлалық боливар 47,7 процентке арзан болуы керек. Швейцариялық франк – 24,7-ге, норвегиялық және шведтік крондар – 11,5 пен 9,6 процентке төмен болуға тиіс.

"Бигмак индексін" 1986 жылы The Economist журналы қалжың ретінде ойлап тапқан болатын. Бірақ қазір ол сатып алу қабілетінің паритетін, яғни тауар бағасын есепке ала отырып, екі валютаның қатынасын анықтаудың ресми емес әдісі болып отыр. Оны жылына екі рет есептейді.

McDonald's гамбургінің таңдалуына оның барлық жерде сатылуы себеп болған. 1980-ші жылдары жылдам тамақтануға арналған дәмханалар желісі жаһандық бизнеске айналды. "М" әрпі бар тамақтану орындары Иран, Македония, Йемен, Черногория, Солтүстік Корея, Зимбабве, Боливия, Армения және Исландияда жоқ.

Бастысы – классикалық бигмак барлық жерде бірдей. Ол нан, ірімшік, котлет және көкөніс сынды қолжетімді азық-түліктен тұрады.

Шілдедегі соңғы рейтингке сәйкес, бигмак АҚШ-қа қарағанда көп елде арзан. Атап айтқанда Австралияда, Сауд Арабиясында, Катарда. Бұл тізімнің соңында Әзербайжан, Түркия, Оңтүстік Африка тұр.

Рубльдің жете бағаланбауы туралы бірнеше жылдан бері жазылып келеді. Оған "бигмак" индексінен бөлек басқа да факторлар себеп болып отыр. Бургер түрлі елде бір бағада бола алмайды. Ресейде жалақы мен жалға алу мөлшерлемесі АҚШ-тан айтарлықтай төмен. Оның үстіне тұрмыстық электроника мен сматрфонға қарағанда бигмакты ешкім импорттамайды, оны сол жерде дайындайды. "iPod индексі" бойынша рубльдің асыра бағалануы ықтимал.

Сонымен қатар McDonald's тауар бағасын халықтың табысы мен сатып алу қабілетіне қарай белгілейді. Салық пен бәсекелестік жайын да ұмытпаған жөн. Сондықтан "бигмак индексі" объективті емес. Әлдеқайда кешенді әрі әділ салыстыру әдістері бар. Мысалы, бірінші қажеттіліктегі тауарлар, шикізат, жартылай фабрикаттар негізінде. Оның бағасын жеке компания емес, нарық қалыптастырады.

Ұлттық валюта бағамын елдің төлем жасау теңгерімі мен инфляцияға әсер ететін ақша массасы, оның ұзақ мерзімді қарқыны белгілейді.

Халықаралық және ішкі валюта нарығында орталық банктер маңызды рөл ойнайды. Олар ұлттық валюта бірлігін нығайтады немесе құлдыраудан сақтандырып отырады.

Валюта бағамы олардың жіті бақылауында болады. Себебі ол елдер арасындағы бәсекелес сауда күресінің негізгі әдісінің бірі. Нәтижесінде ақша құны көп жағдайда бұрмаланады.

Оның үстіне еркін саудаланатын актив баға көрсеткішіне нарық қатысушыларының жоспарларын да енгізе алады. Сол себепті "бигмак индексіне" қатты сенім артудың қажеті жоқ.

"Жете бағаланбаған валюталардың ондығында негізінен әлемде таралуы бойынша үздік жүздікке кірмегендер бар. Айқын мысал ретінде ливан фунтын атауға болады. Ресей рублі де осы тізімде. Ал асыра бағаланғандардың көшін адам сенгісіз инфляциясы мен АҚШ санкциялары енгізілген венесуэлалық боливар бастап тұр", - дейді CMS Institute экономикалық және қаржы зерттеулері департаментінің қызметкері Николай Переславский.

Оның айтуынша, соңғы жеті жылда рубльге геосаясат әсер етіп отыр: антиресейлік санкциялар, оларды кеңейту қауіпі. Мұнай бағасы да дәстүрлі түрде рөл атқаратыны анық. Қара алтын бағасы артқан кезде қаржы министрлігінің валюта сатып алу ережесі де әсер етті. Осылайша рубльдің нығаюы үшін кедергілер қолдан жасалып отыр.

Ішкі саясат пен әлемдік қаржы нарығының ұстанымын да жанама фактор ретінде атауға болады. "Санкциялар болмағанда ресейлік рубльдің баға көрсеткіші кемінде бір жарым есе қымбат болуы ықтимал еді", - дейді сарапшы.

Қалай болғанда да, жыл соңына дейін бір доллар 70 рубльден арзандамайтыны анық. Ал саяси қауіп-қатер салдарынан ол 80-ге дейін жетуі әбден мүмкін. Бағам доллар үшін 73-77 және еуро үшін 85-90 рубль дәлізінде қалатын секілді.

Оқи отырыңыз: Жер ресурсы азайып жатыр – шетелдік БАҚ