АЛМАТЫ, 4 тамыз – Sputnik. Әуежайда жалған ПТР анықтамасын қолданған жекеменшік алматылық фирманың сегіз қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
ІІМ көліктегі полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ләззат Қасымжанованың айтуынша, оқиға 30 шілдеде болған.
Жауап алу кезінде құқық бұзушылар ПТР анықтамасын интернет арқылы сатып алғанын жеткізді.
Қазір аталған жайт бойынша қылмыстық Кодекстің 385-бабының 3-бөлігі (көрінеу жалған құжатты пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Осы бап бойынша 160 АЕК (466 720 теңге) мөлшерінде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылған.
Көлік полициясы бұл биыл Алматы әуежайында анықталған он бірінші факт екенін айтты.