Спорт

Сафиуллин жекпе-жексіз Олимпиаданың ширек финалына шықты 

Дүбірлі додада 63 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген Закир Сафиуллин жапониялық боксшымен жұдырықтасуға тиіс еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 шілде – Sputnik. Қазақстандық боксшы Закир Сафиуллин Токио Олимпиадасының ширек финалына жекпе-жексіз өтті. Оның қарсыласы рингке шығудан бас тартты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

63 келі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетіп жүрген Закир Сафиуллин бүгін жапониялық Дайсукэ Наримацумен кездесуге тиіс еді. Алайда Наримацу жарақат алып қалуына байланысты рингке шыққан жоқ. Осылайша қазақстандық боксшы автоматты түрде ширек финалға шығып отыр.

Ширек финалда Сафиуллин аустралиялық Гари Гарсайдпен кездеседі. Жекпе-жек 3 тамызда өтеді.

Бірінші жекпе-жекте Сафиуллин Перу боксшысы Леодан Пезо Сабойяны айқын басымдықпен жеңген еді. 

Оқи отырыңыз: Токио Олимпиадасы: Ольга Рыпакова финалға шыға алмады

Айта кетейік, Олимпиадада төрт боксшымыз қалды. Олар - Закир Сафиуллин (63 келі), Сәкен Бибосынов (52 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі) мен  Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары). Бүгін Сәкен Бибосынов екінші айналымда тағы жеңіске жетіп, ширек финалға шықты.

Қалған төрт боксшы жарыс жолын аяқтаған болатын. Атап айтқанда, Серік Теміржанов (57 келі) екінші айналымнан аса алмаса, 69 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіпов америкалық боксшыға жол берді. Ал Василий Левит (91 келі) нокаутпен ұтылды. Әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов те бірінші жекпе-жекте ресейлік боксшыдан жеңіліп қалды. Қазақстанның әйелдер командасы атынан Токио Олимпиадасына барған жалғыз боксшы Надежда Рябец (75 келі) бірінші жекпе-жекте ұтылып қалды.