Спорт

Сәпиев Левиттің спорттық карьерасы жайлы: маған ештеңе айтқан жоқ

Токио Олимпиадасында 91 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Василий Левит испаниялық боксшыдан нокаутпен жеңілген еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде – Sputnik. Олимпиадада нокаутпен жеңілген Василий Левит спорттық карьерасын аяқтау туралы шешім қабылдаса, мәдениет және спорт министрлігі оған қолдау көрсетеді. Бұл туралы министрліктің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сәпиев боксшымен әлі сөйлеспегенін айтты.

"Карьерасын жалғастыра ма, аяқтай ма, ол жайлы маған ештеңе айтқан жоқ. Қазақстанға келгеннен кейін мен онымен сөйлесемін. Егер мансабын аяқтағысы келсе, біз спорттан тыс жұмысына көмектесеміз. Егер жалғастырса, министрлік тарапынан қолдау көрсетеміз, федерация да қолдау көрсетеді деген үміттемін", - деді ол баспасөз мәслихатында.

Еске салсақ, Токио Олимпиадасында қазақстандық боксшы Василий Левит 91 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Отандасымыз испаниялық Эммануэль Рейеспен жұдырықтасты.

Бірінші раунд испаниялық боксшының пайдасына шешілді. Ал екінші раундтың басында Левит қарсыластың бірнеше соққысынан кейін нокаутқа түсіп қалды. Бірақ аяғына тұрды. Төреші оның теңселіп тұрғанын көріп, жекпе-жекті тоқтатты.

Левит Рио Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алған болатын.

Оқи отырыңыз: Ермахан Ибраимов Левиттің жеңілуіне төрешіні кінәлады