НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде - Sputnik. Әлеуметтік желі қолданушылары полициядан Алматы көшелерімен жоғары жылдамдықта жүйіткіп, тұрғындарға қауіп төндірген жүргізушіге қатысты шара қолдануды сұрады.
Жас жігіт тізгіндеген көліктің жоғары жылдамдықпен келе жатқан видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын. Желі қолданушыларын жол ережесін өрескел бүлдірушінің әрекеті бей-жай қалдырмады. Олар желіде Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Рустам Абдрахмановтың аккаунтын белгілей бастаған.
Департамент басшысы видеоны назарсыз қалдырмады. Полиция тексеру жүргізіп, көлік иесін анықтады. Hyundai Creta маркалы көліктің тізгінінде 19 жастағы азамат болған. Оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің жеті бабы бойынша хаттама толтырылды.
"Кадрларда көлік иесінің жоғары жылдамдықпен келе жатқаны және жолда апатты жағдай туындатқаны анық көрініп тұр", - деп атап өтті департамент басшысы.
Ол көлік иелерін жолда абай болуға шақырды.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында өзбектер мінген көлік бірнеше рет аударылды