АЛМАТЫ, 27 шілде – Sputnik. Алматыда үш ер адам өзгенің пәтеріне кіріп, құнды заттарды ұрлауды кәсіп еткен. Қазірге дейін олардың 5 қылмысы әшкереленді, деп хабарлады Polisia.kz.
Полицияның хабарлауынша, қаскөйлер аула аралап, көпқабатты үйлердің терезесі мен кіреберісін бақылаған.
"Олар кілт таңдау арқылы есікті ашып, құнды заттардың бәрін алып шыққан. Бұл қолма-қол ақша, шағын тұрмыстық техника және түрлі әшекейлер. Екеуі үйді тонап жатқанда, үшіншісі көлікте отырып, қауіпсіздікті бақылаған", - дейді Қуатбек Науатов.
Қазіргі уақытта үшеуі де ұсталды.
Соңғы рет қаладағы бір пәтерден алтын бұйымдар мен ақша ұрлаған. Шығынның жалпы көлемі – миллион теңге. Қолға түскен кезде ұсталғандар заттай айғақтан құтылып үлгермеген. Олар тұтқындау кезінде тәркіленді. Қазір қылмыстық үштік уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі ("ұрлық") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицияның хабарлауынша, ұсталғандардың барлығы Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Үшеуі де осыған ұқсас қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.