НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Алматыда пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топты ұстау операциясы өтті. Оларды Шымкент пен Нұр-Сұлтанны полициясы да іздеген, деп хабарлады Polisia.kz.
Үш күдіктіні құрықтауға арнайы жасақ сарбаздары тартылды. Құқық қорғаушылар оларды сырттан бақылап жүріп, кезекті қылмысқа барғанда үстінен түскен.
Оқи отырыңыз: Қостанайда тонаушылар үй иесіне электрошокермен шабуылдаған
"Күдіктілер осыдан бір күн бұрын Қабанбай батыр көшесінде орналасқан пәтерлердің біріне ұрлыққа түскеннен кейін ұсталды. Оңай ақшаға құныққан олар ақша мен құнды мүліктерді алып кеткен. Ұрланған заттар тәркіленді, қаскөйлер оны сатып үлгермеген", - дейді полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Бүгінде олардың Алматы қаласының аумағында жасалған 11 қылмысқа қатысы бар екені анықталып отыр.
"Сонымен қатар біздің ақпаратымыз бойынша, күдіктілерді Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларындағы әріптестеріміз бірнеше пәтер ұрлығын жасағаны үшін іздеген", - деп атап өтті Әбілбеков.
Ұсталғандардың үшеуі де Алматы облысының тұрғындары. Үлкені – 34 жаста. Ал ең кішісі 22-ге келген. Күдіктілердің екеуі бұрын осы іспетті қылмыстар үшін сотталған.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 188 бабы, 4-бөлігі (ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер 5-10 жылға сотталуы мүмкін. Олардың мүлкі тәркіленеді.