НҰР-СҰЛТАН, 17 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері карантин бұзған 786 жеке және заңды тұлға 159 миллион теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады әкімдіктің ресми сайты.
Әкімдік сайтының хабарлауынша, елорданың мониторингтік топтары карантин тәртібін бұзған кәсіпкерлік субъектілерін анықтауды жалғастыруда, жұмыс тәулік бойы күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.
Көптеген өтініш-ескертулерге және әкімшілік жауапкершілікке тартылатынына қарамастан кейбір мекемелер жұмыс режимін сақтау жөніндегі талаптарды әлі күнге дейін елемей, бұқаралық іс-шаралар өткізеді, ал қызметкерлері бетперде тақпайды,
Мәселен,16 шілдеде елордада карантин шектеулерін бұзған 8 кәсіпкерлік нысаны анықталды.
Алматы ауданында орналасқан "Киш Миш" кафесінде, "Какие люди" барында, "Эхо" клубында да жұмыс режимінің бұзылуы анықталды.
Сонымен қатар Есіл ауданындағы "Inforno" мейрамханасы мен "VZлетный" ресто-бары сағат 22.00-ден кейін келушілерді қабылдауды жалғастырған. Ал "VZлетный" тіпті кальян шегу қызметін көрсеткен.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.
Айта кетері, жыл басынан бері елордада шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін жалпы сомасы 159 миллион теңгеге 786 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.