Қоғам

Министрлік жалған вакцина паспортын жасау бойынша қанша қылмыстық іс қозғалғанын айтты

Полиция қызметкерлері осы бағыт бойынша медицина орталықтарын, емхана, вакцина алу пункттерін тексеріп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде – Sputnik. Полиция жыл басынан бері вакцина паспорты мен ПТР тест нәтижесін қолдан жасау бойынша 65 қылмыстық іс қозғады.

"Тергеу бөлімшелерінің өндірісінде ПТР нәтижесін қолдан жасау, дайындау немесе өткізу бойынша қылмыстық кодекстің 385-бабы (жалған құжаттарды, мөртабан, мөр, бланкі, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша 42 қылмыстық іс болды, оның ішінде 39-ы биыл тіркелген. Вакцина паспортын қолдан жасау фактілері бойынша биыл 23 қылмыстық іс тіркелді, тергеу жалғасып жатыр", - деп хабарлады Polisia.kz.

Қолдан жасалған құжаттардың саны және әрбір іс бойынша заңға қайшы әрекеттерге қатысушылардың саны да әртүрлі. Ол тергеу нәтижелері бойынша нақтыланады.

Полиция қызметкерлері осы бағыт бойынша медицина орталықтарын, емхана, вакцина алу пункттерін тексеріп жатыр.

Оқи отырыңыз: Алматыда дәрігерлер жалған вакцина паспортын жасаған: қылмыстық іс қозғалды

ІІМ жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделгенін еске салды.