АЛМАТЫ, 13 шілде – Sputnik. Павлодар облысы Ақсу қаласында полиция әйел мен оның екі баласын өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Полиция қызметкерлері іздестіру іс-шаралары кезінде әйел мен оның кәмелетке толмаған екі баласын өлтірді деген күдікпен ер адамды ізін суытпай ұстады. Заттай айғақтар мен қылмыс құралы тәркіленді", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тергеу барысында күдіктінің марқұм әйелмен таныс екені анықталды.
"11 шілде түнгі сағат 3-те екеуінің арасында жанжал шыққан, қаланың 36 жастағы тұрғыны 35 жастағы әйелге бірнеше рет пышақ сұққан. Сол сәтте балалар шудан оянған, ер адам оларға да пышақ жарақатын салған", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында бір топ жігіт жасөспірімді пышақтап кетті
Күдікті Ақсу қаласында изоляторға қамалды.
Айта кетейік, бұған дейін әйел мен оның 7 және 5 жасар екі баласының мәйіті 12 шілдеде сағат 11.40-та Ақсу қаласындағы пәтерден табылғаны хабарланды.