НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрін қызметінен босатты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Сапархан Кесікбайұлы Омаров Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі лауазымынан босатылды", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы қауаңшылыққа байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер тарапынан тиісті шаралардың қолға алынбағанын ерекше атап өтті.
"Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді", - деп атап өтті президент.
Оның пікірінше, министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ.
"Сондықтан осы салаға бірден бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін ", - деді Тоқаев.