Саясат

Нұр-Сұлтанда Сирия бойынша өткен кездесудің қорытындысы жарияланды

Мемлекеттер Израильдің халықаралық құқықты, халықаралық гуманитарлық құқықты, Сирияның және көрші елдердің егемендігін бұзатын, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіретін әскери шабуылдарын сынға алып, мұны тоқтатуға шақырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әзімбаев Сирия бойынша қабылданған Иран, Ресей және Түркия өкілдерінің бірлескен мәлімдемесін оқыды.

Шілдедегі кездесу

Елордада 7-8 шілдеде Сирия бойынша келіссөздердің кезекті раунды өтті. Келіссөзге қатысушылар арасында кепілгер елдердің (Иран, Ресей және Түркия), Сирия үкіметінің, Сирия қарулы оппозициясының өкілдері, сондай-ақ БҰҰ бақылаушылары, Иордания, Ливан және Ирактың делегациясы бар.

Бұл Сирия бойынша Қазақстанда өтіп жатқан он алтыншы кездесу. Алғаш рет келіссөздер 2017 жылы сол кездегі Астанада өткен болатын. Содан бері Қазақстанның бас қаласында 13 кездесу өтіп, олар "астаналық" деген атауға ие болды. Алайда екі рет – 2018 жылдың шілдесі мен осы жылдың ақпанында келіссөзге қатысушылар Сочи қаласында бас қосты.

Қорытынды мәлімдемеде не айтылды

Құжатқа сәйкес Иран, Ресей мен Түркия "Сирия Араб Республикасының тәуелсіздігі, егемендігі, бірлігі мен аумақтық бүтіндігіне және БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен принциптеріне қатысты өздерінің қолдауларын" растады. Мемлекеттер бұл принциптерді жалпы барлығы сақтауы және құрметтеуі керек екенін айтты.

Сонымен қатар үш мемлекет:

  • Сирияның тәуелсіздігі мен аумақтық бүтіндігін және көрші елдердің ұлттық қауіпсіздігін бұзуға бағытталған кез келген сипаттағы терроризм және оның көріністерімен күресу және оған қарсы тұру мақсатында өзара әрекеттестікті жалғастыруға бел буғанын білдірді.
  • бейбіт тұрғындардың өліміне алып келген Сирияның түрлі аумағындағы террористік белсенділік пен азаматтық инфрақұрылымға шабуылдарды сынға алды.
  • ДАИШ, "Джабхат Ан-Нусра" / "Хейат Тахрир Аш-Шам" және "Әл-Каида" немесе ДАИШ-пен байланысты барлық тұлғаның, топтар мен ұйымдардың және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі террористік деп таныған басқа да топтардың көзін жою мақсатында ынтымақтастықты жалғастырып, халықаралық гуманитарлық құықыққа сәйкес азаматтық тұлғалар мен азаматтық инфрақұрылымды қорғауды қамтамасыз етуге уағдаласты.
  • Идлиб деэскалация аумағы мен одан тыс аймақтағы бейбіт тұрғындарға қауіп төндіріп тұрған "Хейат Тахрир Аш-Шам" мен басқа да террористік ұйымдардың белсенділігі артуына қатысты алаңдаушылық білдірді.

Мәлімдемеде көрсетілгендей, елдер Идлиб деэскалация аумағындағы жағдайды жіті қарастырып, Иблид бойынша барлық келісімді толық орындау арқылы "жер бетінде" тыныштықты сақтаудың қажеттілігін баса атап өтті.

Кепілгерлер Сирияның солтүстік шығысындағы жағдайды талқылап, бұл өңірде ұзақ мерзімді қауіпсіздік пен тұрақтылыққа Сирияның егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтау арқылы ғана қол жеткізуге болатынын атап өтті.

Олар терроризммен күресті сылтау етіп өзін-өзі басқару бойынша заңсыз бастамаларды қамтитын жаңа жағдай қалыптастыруға толық қарсы екендерін жеткізді. Сирияның бірлігін бұзып, көрші елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруге бағытталған Заевфратьедегі сепаратистік жоспарларға қарсы тұрудағы айнымастығын растады.

Осыған байланысты елдер халыққа қарсы бағытталған соғыс әрекетінің күшеюіне қатысты алаңдаушылық танытты. Сонымен қатар тараптар Срия Араб Республикасына тиесілі мұнай саудасының табысын заңсыз тартып алу және басқа тарапқа тапсыруға қарсы екендерін жеткізді.

Мемлекеттер Сириядағы Израильдің халықаралық құқықты, халықаралық гуманитарлық құқықты, Сирияның және көрші елдердің егемендігін бұзатын, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіретін әскери шабуылдарын сынға алып, мұны тоқтатуға шақырды.

Кепілгер мемлекеттер сириялық қақтығыс соғыс жолымен шешілмейтінін айта келе, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 резолюциясына сәйкес БҰҰ қолдауымен сириялықтардың өзі жүзеге асыратын ұзақ мерзімді саяси процесті сүйемелдеуді қолдайтындарын растады.

Олар Сочидегі Сирияның ұлттық диалог конгресінің шешімдерін орындау үшін Астана форматындағы кепілгер елдердің шешуші үлесімен құрылған Женевадағы Конституциялық комитеттің маңызды рөлін атап өтті.

Нұр-Сұлтанда Сирия бойынша келіссөздер басталды
Мемлекеттер Женевада Сирия конституциялық комитетінің кезекті, алтыншы отырысын мүмкіндігінше тезірек өткізу қажеттілігін атап өтті. Осыған байланысты олар Конституциялық комитетке қатысушы сириялық тараппен және БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілі Гейр Педерсенмен үнемі өзара әрекеттесу арқылы комитет жұмысын қолдауға қатысты шешімдерін растады.

Кепілгер елдер жалпы халықтық мақұлдауға жататын конституциялық реформаны әзірлеу бойынша комитет өз мандатын растауы үшін комитет өз жұмысы барысында бірқатар өкілеттік пен рәсімнің негізгі ережелерін сақтауы керек екеніне сенімділік танытты.

Мемлекеттер Сириядағы гуманитарлық жағдай мен елдегі денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын, экономикалық және гуманитарлық ахуалды күрделендіріп тұрған коронавирус пандемиясының ықпалына қатысты алаңдаушылық танытты. Халықаралық құқық, халықаралық гуманитарлық құқық пен БҰҰ Жарғысын бұзатын барлық біржақты санкцияларды мойындамайтындарын растады.

Олар кемсіту, саясиландыру және алдын ала шарт қоюсыз елдің бүкіл аумағында барлық сириялыққа гуманитарлық көмек көлемін ұлғайту қажеттілігін атады. Сириядағы гуманитарлық жағдайды жақсарту және саяси тұрақтандыру процесін ілгерілету мақсатында халықаралық қауымдастық, БҰҰ мен оның гуманитарлық агенттіктерін маңызды инфрақұрылымдарды қалпына келтіру арқылы Сириядағы көмекті арттыруға шақырды.

Тараптар босқындарды қауіпсіз және ерікті түрде елге қайтару мен Сириядағы тұрғылықты орындарынан азаматтардың еркін жүріп-тұруын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты халықаралық қауымдастықты сириялық босқындарға қажетті көмек көрсетуге шақырып, барлық мүдделі тараппен өзара әрекеттестікті жалғастыратындарын растады.

Кепілгер мемлекеттер Тұтқындарды босату, қайтыс болғандардың денесін жеткізу және із-түзсіз жоғалғандарды іздеу жөніндегі жұмыс тобы аясында осы жылдың 2 шілдесінде еркінен тыс тұтқында болған азаматтарды алмасудың сәтті өткенін жоғары бағалады. Бұл операция сириялық тараптың Астана форматындағы кепілгер елдердің қолдауымен өзара сенім шараларын нығайтуға дайын екенін көрсетіп, кепілгер елдердің жұмыс тобы аясындағы өзара әрекеттестікті кеңейтуге деген құлшынысын құптады.

Келесі кездесу қашан өтеді

Іс-шараға қатысушы мемлекеттер Нұр-Сұлтанда Сирия бойынша кезекті кездесу өткізгені үшін қазақстандық билікке алғыс білдірді.

Келесі келіссөздерді осы жылдың соңына дейін өткізу туралы шешім қабылданды. Кездесу нақты қашан өтетіні санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады.