НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Мәскеу назарын шығысқа, Орталық Азияға қарай бұрды. "Біз америкалық және НАТО әскерінің ауған жерінен шығарылуына және басқа да фактілерге байланысты күрт ушығуы мүмкін Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылауда ұстап отырмыз", - деді Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Ол Ресей президенті өңірдегі елдердің басшыларымен тұрақты байланыста екенін жеткізді. Расында да соңғы күндері Владимир Путин Орта Азиядағы төрт елдің басшылығымен телефон арқылы сөйлесіп үлгерді, деп жазды РИА Новости.
Соңғы күндердің өзінде-ақ ауған шекарашылары содырлармен қақтығыста жеңіліс тауып, Тәжікстанға бас сауғалауға мәжбүр болды және жүздеген ауған сарбазы Өзбекстанға қарай қашты. Егер тәлібтер елдегі билікті өз қолына алса, онда оңтүстіктегі посткеңестік шекара қауіпсіздігіне қатер төнуі ықтимал.
Өңірдегі бес мемлекеттің үшеуі – Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше және Ресейдің әскери одақтастары болып саналады. Ал Ауғанстанмен шекаралас Тәжікстан ғана ҰҚШҰ құрамында бар. Түрікменстан бейтараптылықты ұстанып, бұл ұйымға ешқашан мүше болған емес. Өзбекстан мүшелігін бірнеше рет тоқтатты. Алайда бұл Мәскеу Ашхабад пен Ташкентке Ауғанстан мәселесі бойынша көмектеспейді дегенді білдірмейді.
Ауған дағдарысы соғыс қимылдарын Орта Азия республикаларына қарай ығыстыру қаупін тудырып отыр. Оған тәлібтердің агрессиясы ғана емес, сондай-ақ тәлібтердің бәсекелес басқа да террористік ұйымдарды ауған жерінен ығыстыруы себеп болуы мүмкін. Бұл провинцияларда Әл-Каида* мен ДАИШ* секілді қауіпті ұйымдарға мүшелікке кірген тәжіктер мен өзбектер көп. Сондықтан тәлібтер қысым көрсеткен жағдайда олар шекара арқылы Тәжікстан мен Өзбекстанға қарай қашуы бек мүмкін. Тәжікстан мен Өзбекстан "шақырусыз келген қонақтарды қарсы алуға" дайындалып жатқаны анық.
Сонымен қатар Вашингтон америкалықтармен ынтымақтастық орнатқан ауғандарды уақытша орналастыру туралы Тәжікстан, Өзбекстан мен Қазақстанға ұсыныс жолдады. АҚШ тоғыз мыңға жуық ауғаннан тәлібтер кек қайтаруы мүмкін деп күдіктеніп отыр. Алайда Американың бұл азаматтарды неге өз аумағына орналастырудан қашып отырғаны түсінікті. Өйткені бұл әлеуетті босқындардың бір бөлігі ғана. Арнайы иммиграциялық визаға 18 мыңнан астам ауған өтінім білдірді. Әйелдері және бала-шағасымен қоса есептегенде олардың саны 70 мыңнан асып жығылады. Ал АҚШ-қа бұл қажет пе? Міне, сондықтан оларды Орталық Азияда орнықтыруды көздеп отыр.
* Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым