Америкалық қару-жарақ тәлібтердің қолына қалай түсті?

"Талибан"* Ауғанстаннан шетелдік әскердің шығарылуын пайдаланып, соғыс әрекеттерін күшейту үшін америкалық қаруды кәдеге жаратуды көздеп отыр
Sputnik

Соңғы күндері тәлібтер Ауғанстан үкіметі армиясының базалары, арсеналдары мен бөлімшелеріндегі жүздеген соғыс техникасы мен бірнеше тонна оқ-дәріні басып алды. Осылайша АҚШ тәлібтердің қайта қарулануына еркінен тыс ықпал етіп отыр.

Тоқаев Ауғанстан президентімен телефон арқылы сөйлесті
АҚШ пен НАТО әскері Ауғанстан аумағынан кетіп жатыр. Ал "Талибан"* үкімет күштерінің қолында қалып бара жатқан америкалық жоғары технологиялық қарудың есебінен өз әлеуетін арттыруда. Шетелдік әскер тамызда ауған жерінен толық шығарылады деп жоспарланып отыр. Бірақ әскерді шығару мерзімінен бұрын шілдеде аяқталуы мүмкін. Ауғанстан Ислам Республикасының НАТО стандарты бойынша жасақталған ұлттық қарулы күшерінің соғысу қабілеті күн санап әлсірей бастағаны байқалады.

Тәлібтер екі аптаның ішінде ондаған броньді техника мен ауыр артиллерия жүйесін, 715 "Хаммер" мен өзге америкалық әскери автокөлікті басып алды. Бұл ауған қауіпсіздік күші өкілдерінің тәлібтерге үлкен көлемдегі қару-жарақ пен техниканы тапсырып жатқаны түсірілген суреттермен расталып отыр. Бұрын "Ислам мемлекетінің"* қатысуымен Иракта дәл осындай жағдай болған еді.

Ауғанстандағы жағдайдың ушығуы Орталық Азия елдері мен Ресей арасында екіжақты және көпжақты келіссөздерді белсенді жүргізуге мәжбүрлеп отыр. Дүйсенбі Ресей мен Өзбекстанның президенттері Владимир Путин және Шавкат Мирзиёев телефон арқылы Ауғанстандағы жағдайды талқылап, елдің солтүстік провинцияларындағы ахуалға алаңдаушылық танытты.

Бұған дейін Ресей көшбасшысы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен де осы мәселені талқылап, РФ Тәжікстанды екіжақты форматта және ҰҚШҰ аясында қолдауға дайын екенін растады. Тәжікстан 5 шілдеде оңтүстігіндегі шекараны нығайту үшін 20 мың әскерді жұмылдырды. Иран мен Пәкістан да Ауғанстандағы содырлардың басқыншылық әрекеттерінің күшеюіне алаңдайтынын жеткізді.

Америка мен коалиция әскері Ауғанстаннан кеткеннен кейін елдің тағдыры не болатыны әзірше белгісіз. Америкалық қару-жарақ Ислам республикасындағы қарулы қақтығыстар жақын уақытта тоқтамайтынын және Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі жағдай тұрақсызданатынын меңзейтін секілді. Кабулдағы қазіргі үкімет құласа да, тәлібтер бейбіт өмірге аяқ баспайтыны анық. Кейбір провинцияларда қарсылық көрсету ошақтары қала береді. Сонымен қатар бәсекелестік аясында "Ислам мемлекеті"* террористік тобы тәлібтермен қақтығысқа түсуі де ықтимал.

Тәлібтер тәжік шекарасын бақылап отыр: әрі қарай не болмақ
25 маусымда Вашингтонға сапары кезінде ауған президенті Ашраф Гани америкалық әріптестерінен кемінде қыркүйекке дейін Баграмнан авиация арқылы әскери қолдау көрсетуді тоқтатпауды сұрады. Бұл ауғандық қауіпсіздік күштер үшін аса маңызды. Себебі АҚШ пен НАТО авиациясы "Талибан" басқыншылығын біршама тежеп тұрды. Алайда 2 шілдеде АҚШ-тың соңғы әскери күші аяқ асты Баграмнан кетті. Ауған қауіпсіздік күштері базаны өз бақылауына алғанға дейін жергілікті мародерлер күзетсіз қалған қақпадан кіріп, қажеттінің барлығын алып кетті.

Қазір Баграмға басшылық етіп отырған ауған офицері Мир-Ассадулы Кохистанидің айтуынша, америкалық тарап базадан толық кететіні туралы алдын ала хабарламаған. Ал бұл авиабаза 20 жыл бойы АҚШ Әуе-әскери күштерінің операция орталығы болған.

Америкалықтар соңғы рет содырларға 25 маусымда Кундуз провинциясында соққы жасап, 35 тәлібтің көзін жойды. Енді "Талибан"* АҚШ пен НАТО күштеріне алаңдамай-ақ үкіметтік күштерге шабуыл жасай алады. 1 шілденің өзінде-ақ Бадахшан мен агландағы террористермен қақтығыста 23 әскери қызметкер көз жұмды.

Тәлібтер Ауғанстанда өздері бақылауға алған аумақтың көлемі күн санап ұлғайып келе жатқанын ашық мәлімдеп отыр. Сондай-ақ содырлар үкіметтік күштерге бейбіт келісім бойынша жасалған ұсыныс туралы БАҚ-та таралған ақпаратты жоққа шығарды. 

АҚШ "Талибанның"* деструктивті стратегиясы және "Ислам мемлекетінің"* Қорасандағы бөлімшесі төндіріп отырған қауіп туралы хабардар. Әйтсе де америкалық әскери қолбасшылық Ауғанстан Ислам Республикасының үкіметтік күштерін қашықтықтан қолдайтынын жеткізуде. Пентагон жоспары бойынша MQ-9 Reaper соққы жасаушы дрондары жақын база табылғанша Парсы шығанағынан ұшырыла береді. Американың қорғаныс министрі Ллойд Джеймстың Өзбекстан немесе Тәжікстанның қорғаныс министрлерімен белсенді келіссөздеріне қарағанда бұл аймақ осы екі елдің территориясынан "табылуы" мүмкін.

* – Қазақстанда, Ресейде және басқа бірқатар елде тыйым салынған террористік топ