Оқиға

Алматыда атышулы тұрғын үй кешенінде тағы да төтенше жағдай болды

"Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінен өрт шықты, көктемде бұл үйде қарулы ер адам оқ атып, кейін терезеден секіріп кеткен болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Алматыда ақауы бар зарядтау құрылғысы "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінің тұрғындарын әбігерге салды.

7 шілде күндіз Бұқар жырау көшесіндегі 27/5 үйде қатты түтін шығып жатқаны туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілердің алғашқы легі оқиға орнына сегіз минуттан соң жетті.

ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратынша, өрт 13-ші қабаттағы пәтердің кіреберісінде басталған. Үйді бірден қою түтін басты.

Тұрғындарды эвакуациялауға Алматы ТЖД газ-түтіннен қорғау қызметінің 12 бөлімі, өрт сөндіру автобаспалдағы және 90 метрлік өрт сөндіру автокөтергіші тартылды.

Тұрғын үйден 45 адам, соның ішінде 15 бала шығарылды.

Өртті сөндіруге бір сағаттан артық уақыт кетті.

Өрттің неден шыққаны тексеріс пен өрт-техникалық сараптама кезінде анықталады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тілсіз жауға электр самокатқа арналған зарядтау құрылғысының ақауы себеп болған. Самокат иесі оны кіреберісте қуаттаған, содан өрт тұтанған.

Тағы оқыңыз: "Бұқар Жыраудағы" атыс: полиция бастығы арнайы операцияның мән-жайын ашты

Еске салсақ, 24 сәуірде Алматыдағы "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінде атыс болды. Қарулы адам алдымен тұрғын үй кешенінің күзетшісіне оқ атты. Содан кейін ол 17-ші қабаттағы пәтеріне барып тығылды. Тоғыз сағат қоршауда болғаннан кейін ер адам терезеден секіріп көз жұмды.