"Бұқар Жыраудағы" атыс: полиция бастығы арнайы операцияның мән-жайын ашты

© Sputnik / Тимур БатыршинТренировки спецподразделения МВД РК "Арлан", архивное фото
Тренировки спецподразделения МВД РК Арлан, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.06.2021
Жазылу
Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінде оқ жаудырған ер адамды мергендердің мүмкіндігі бола тұра неге атпағанын айтты

АЛМАТЫ, 17 маусым – Sputnik. 2021 жылдың 24 сәуірінде "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінде күзетшінің аяғын жаралап, 17-қабаттан оқ жаудырған ер адамды ұстауға қатысқан "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері сол күні қан төкпей, күдіктіні тірі күйінде ұстау туралы тапсырма алды. Бұл туралы Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтты. Сондай-ақ ол ер адам жасырынған пәтердің маңында тағы не болғанын, онымен кім және қалай келіссөз жүргізгенін және неге суицидтің алдын алу мүмкін болмағанын айтты.

© Sputnik / Тимур Батыршин Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов
Бұқар Жыраудағы атыс: полиция бастығы арнайы операцияның мән-жайын ашты - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.06.2021
Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов

- Қанат Даниярұлы, 24 сәуірде "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінде болған оқиға қаланы дүр сілкіндірді. Жағдайдың әрі қарай қалай өрбігенін күні бойы ел бақылап, жағдайға қатысты пікір білдірді. Осы тұста полицияның әрекетін әркім әртүрлі бағалады. Оқиғаға қатысты түрлі болжам шықты. Сол күні не болғанын өзіңіз айтып берсеңіз.

"Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінде күзетшінің жараланғаны туралы хабар түскен кезде оқиға орнына патрульдік полиция полкінің жасағы жіберілді. Олар оқиға орнына барып, бұл жағдайды растады. Жедел басқару орталығының кезекшісіне оқ атқан ер адамның подъезге кіріп, өз пәтеріне тығылғанын баяндады. Кезекші барлық сақтық шарасын сақтауға және оқиға орнына "Арлан" арнайы жасағының келуін күтуге бұйрық берді.

Осы жағдай туралы маған хабарлағаннан кейін арнайы жасақпен бірге жедел жұмыс жөніндегі орынбасарымды оқиға орнына жібердім. Сол жерге барған соң жағдайды толық баяндады, содан кейін тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылданды. Біз үшін тұрғындардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды болды. Тұрғын үй кешеніне Бостандық ауданы полиция басқармасының қызметкерлері, адамдарды эвакуациялауға қатысқан патрульдік полицияның қосымша экипаждары тартылды. Тұрғындар полицияның іс-әрекетіне асқан жауапкершілікпен қарағанын атап өткім келеді. Түсінбеушілік болған жоқ.

Сол жерде не болып жатқанын басынан бастап ішкі істер министріне баяндап отырдық. Мен сол жерге барғанымда қызметкерлер тәртіп сақшылары пәтер есігін қаққан кезде ішіндегі ер адамның жауап ретінде оларға оқ жаудырғанын хабарлады.

Дәл осы жерде прокуратура және басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге жедел штаб құрылды. Пәтер ішіндегі ер адамның жеке басы, оның немен айналысқаны, қалай өмір сүргені дереу анықталды. Сол себепті келіссөзге діни қызметкерді шақырдық. Ол да ер адамды көндіруге тырысты, алайда біраз уақыттан кейін ол пәтерден қайтадан оқ ата бастады. Мен де келіссөзге қатысып, оған мойынсұнуды ұсындым. Оған ешқандай қауіп төніп тұрмағанын түсіндіргенімде қайтадан оқ атты.

Содан кейін эвакуация аяқталып, тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрмағанын білген соң есікті бұзып, шабуыл жасап, оны ұстау туралы шешім қабылданды. Айта кету керек, арнайы күштерге басынан бастап оны тірі күйінде ұстау туралы тапсырма берілді. Біз қан төгілгенін қаламадық. Әрине, оны атып тастауға болатын сәттер болды. Мергендер оны бірнеше рет көздеп отырды, бірақ ату туралы бұйрық алған жоқ. Себебі ешкімнің құрбан болғанын қаламадық.

Біздің қызметкерлер есікті ашқанда оның алдына жиһаздарды қойып, жолды бөгеп қойғаны белгілі болды. Бұл ішке ену сәтін баяулатты. Дәл сол сәт оған терезеден секіріп кету үшін жеткілікті болды.

- Сол күні оқиғаға не себеп болғанына қатысты түрлі болжам айтылды. Арасында оқ атқан ер адамның диванға қатысты ашуланғаны да бар. Расымен де барлығы диванға байланысты өршіді ме?

Иә, дәл солай. Тергеу барысында оның кейінгі кезде жиһазды бір жерден екінші жерге көшірумен айналысқаны белгілі болды. Көршілерінен пәтер иелері кооперативіне оның үнемі баспалдақ алаңына бірнеше диван, кресло қойғаны туралы шағым түскен. Жиһаз адамдарға кедергі келтірген. Дәл сол күні ПИК қызметкерлері келіп жиһаздарды баспалдақ алаңынан алып, басқа жерге қойған.

© Sputnik / Тимур Батыршин"Бұқар Жырау" кешенінің подъезінде тұрған дивандар
Бұқар Жыраудағы атыс: полиция бастығы арнайы операцияның мән-жайын ашты - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.06.2021
"Бұқар Жырау" кешенінің подъезінде тұрған дивандар

Соған байланысты ер адам ашуланған. Қаруын алып, күзетшіге барып, ПИК қызметкерін шақыруын талап еткен. Ол дәл сол адаммен сөйлескісі келген. Күзетші шақырудан бас тартқан кезде жәбірленушінің аяғына оқ атқан.

- Учаскелік инспекторға қатысты да шағымдар болды. Жергілікті тұрғындар ер адамның жат қылық көрсеткеніне бірнеше рет шағымданғанын, алайда полицияның ештеңе істемегенін айтқан еді.

Мұны әлеуметтік желіде жат қылық көрсеткен көршісінің үстінен айтылған шағымға қатысты учаскелік полиция қызметкерінің уақытында шаралар қабылдамағаны туралы хабарламалар мен пікірлер пайда болғаннан кейін тексердік. Мұқият қызметтік тексеріс жүргізілді, бірақ бұл фактілер расталмады. Сол оқиғаға дейін тұрғын үй кешені тұрғындарынан сол адамға қатысты шағым, ресми өтініш түспеген. Адамдар ПИК төрағасына тұрғындар чаты арқылы жүгінген. Ол терезесіне плакат іліп қойған кезде де солай істеген. Біз ПИК-тен плакатқа қатысты неге ештеңе істемегенін сұрадық. Бізге мұны шын қабылдамағанын, сол себепті ешқайда жүгінбегенін жеткізді. Сондай-ақ 102 нөміріне шақырулардың бар-жоғын тексердік. Ештеңе жоқ. Ешкім хабарласпаған.

- Оқ атқан ер адамның Ресей азаматы екені сол күні анықталды. Ол қардуы қайдан алған және қандай қару қолданған?

Ол BENELLI Vinci винчестер түріндегі тегіс ұңғылы қарудан атқан. Базада қару ұрланған деп көрсетіліп тұр. Дәлірек айтқанда, ол аң аулау кезінде жоғалған. Оның ресми иесі бар. Ол бізге ресми түсіндірме жазды. Ал оның ер адамның қолына қалай түскенін біз енді біле алмаймыз.

- Оның пәтерінен басқа да тыйым салынған заттар табылды ма? Өзін өлтірмес бұрын бөлмеде қандай көлемде оқ-дәрі болған?

Ер адамның пәтерінен тыйым салынған ештеңе таппадық. Оқ-дәрілерге келетін болсақ, иә, олар көп болды. Мен оқиға орнына барған сәттен бастап 30-35 рет оқ атты. Басында санадық, кейіннен санынан жаңылдық. Ол терезеден секіріп кеткеннен кейін арнайы жасақ пәтерден 40 оқ тапты.

- Ол ер адамның бұрын қақтығыс аймақтарында болғаны туралы ақпарат шықты. Қаншалықты рас?

Бұл жалған ақпарат. Еш жерде ешқандай есепте болмаған. Ол Ресей азаматы. Бізде 2008 жылдан бері тіркеуде тұрған. Кейіннен Шешенстанға тұрақты тұруға көшті. Содан кейін отбасымен бірге Алматыға қайта оралды. 2017 жылы одан әйелі балаларымен бірге кетіп қалған, содан бастап пәтерінде жалғыз тұрған.

- Ол "Бұқар Жыраудағы" оқиғаға дейін заңды бұзған ба? Сотталған ба?

Жоқ. Ондай ештеңе жоқ. Өзіміздің және Ресей базасынан тексердік, ешқандай соттылығы жоқ.

- Оның туыстарымен сөйлестіңіздер ме? Олар марқұмды қалай сипаттады?

Тұйық. Кейінгі жылдары туыстарымен араласпаған. Келіссөзге келген шешен диаспорасының діни қызметкері бұрын оның үйінде болған. Ол кезде ер адам отбасымен бірге тұрған. Айтуынша, бәрі жақсы болған. Алайда кейінгі кездері өте тұйықталып кеткен. Бәріне ренжіп жүрген. Есіктің арғы жағында тұрып діни қызметкермен сөйлескен кезде "әйелім мені тастап кеткенде қайда болдың?" деді. Демек, отбасылық қиындықты көріп, соған байланысты тұйықталып кеткен болуы мүмкін. Келіссөздер барысында диаспора арқылы оның Шешенстандағы достарын табуға тырыстық, әрі қарай әйелін тауып, күйеуімен сөйлескенін қаладық. Бірақ оның шалғай ауылда екені белгілі болды, әрі қарай оған уақыт та қалмады.

- Шабуыл кезінде қандай қиындықтар болды? Себебі сол сәтте оның жарылыс жасағалы жатқаны туралы тексерілмеген ақпарат шықты. Сондай-ақ ешқандай талап қоймастан, тоқтамай оқ атты.

Әрине, біз барлығын есептедік, шабуылға дайындалған кезде арнайы бөлімше қызметкерлері барлық қауіпсіздік шарасын сақтады. Бізде оны қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жабдық бар. Қазір оның қолында мылтықтан басқа ештеңе болмағанын біліп отырмыз. Алайда дәл сол сәтте біз мұны білмедік. Бұған дейін айтқанымдай, оны тірі күйінде ұстау, содан кейін мән-жайды білу міндеті қойылды. Сол себепті шабуыл кезінде өлімге әкелмейтін қару қолдандық. Біз дайын болмаған жалғыз нәрсе – оның пәтер ішіне жиһаздан тосқауыл қоюы. Бір диванды алып тастасаң, екіншісі шығады, солай кете береді. Әр бөлменің кіреберісіне солай қойған. Ол сол уақытта да оқ атты. Дәл сол сәтте жігіттер біраз кідіріп, суицидтің алдын алуға үлгермеді.

- Арнайы операция кезінде арнайы жасақ қызметкерлерінің бірі жарақат алғаны туралы ақпарат тарады. Ол тіпті ресми дереккөздерде де жарияланды.

Ақпаратты денсаулық сақтау басқармасы жариялады. Жоқ. Ешқандай қарудан жарақат алу тіркелген жоқ. Алайда шабуыл барысында шабуыл тобының кей қызметкері газ жұтып қойған. Оларға медициналық көмек көрсетілді. Барлық жағдайдан кейін министрліктен арнайы комиссия келді, ол берілген барлық ақпаратты, соның ішінде БАҚ-та жарияланған ақпаратты мұқият тексерді. Олар мұндай ештеңе болмағанына көз жеткізді. Жалпы оны жасырудың не қажеті бар? Егер қызметкер шабуыл кезінде, әскери тапсырманы орындау кезінде жарақат алса, бұл жаман, бірақ бұл оның жұмысы – тәуекелге бару, қауіпті жағдайларда әрекет ету және одан ешкім сақтандырылмаған. Олар үшін ең бастысы қарапайым адамдардың зардап шекпеуі. Соған басымдық берілген.

"Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешеніндегі атыс

Алматыда 2021 жылдың 24 сәуірінде "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінің тұрғыны қару алып, күзетшіге оқ атқаны  туралы хабар тарады. Содан кейін ер адам үйге кіріп, 17-қабаттағы өз пәтеріне көтерілген. Ер адам оқиға орнына келген полициямен келіссөзге келмей, есікке оқ атты. Сол жерге арнайы жасақ шақырылды.

Ер адамның жеке басы дереу анықталды. Ол ресейлік 53 жастағы азамат Руслан Исаев болып шықты.

Онымен келіссөз алты сағаттан астам уақытқа созылды, алайда ол еш талап қоймастан есікті ашу туралы ұсынысқа оқ ату арқылы жауап берді.

Содан кейін полиция пәтерге шабуыл жасады. Исаев бастапқыда оқ атуға тырысты, содан кейін пәтерінің терезесінен секіріп кетті. Оқиға орнына келген жедел жәрдем ер адамның қайтыс болғанын анықтады.

Жаңалықтар
0