НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде — Sputnik. Коронавирусқа байланысты жедел жәрдем шақыру саны тәулігіне 300-ге жетті, деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінің сайты.
Әкімдік ақпараты бойынша, қалада жедел медициналық жәрдем қызметіне жүгінетіндер саны артты.
"Елордадағы қиын эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел медициналық көмек станциясына күніне 3-3,5 мың қоңырау түсуде. Өткен жылдағы кезеңмен салыстырғанда жедел жәрдем көмегіне жүгіну 40%-ке артты", - дейді қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Бота Садетхан.
Соңғы аптаның өзінде коронавирусқа байланысты қоңырау саны 1,5 есе артып, тәулігіне 179-дан 300-ге жетті.
Еске салсақ, 2020 жылдың жаз мезгілінде жедел жәрдем бригадасы 18 мыңнан астамға қызмет көрсеткен. Олардың басым бөлігі инфекция жұқтыруға байланысты болған. Диспетчерлер КВИ-ге қатысты 9 500 қоңырауға жауап берді.
Қазіргі уақытта COVID жұқтырғандарды емдеу үшін 14 стационар іске қосылып отыр. Нұр-Сұлтанда 1 600-ден астам науқас стационарлық ем алып жатыр. Оның ішінде 1400 – коронавирусты инфекция жұқтырған болса, қалған науқастан пневмония анықталған. Қазіргі жүктеме - 75%.
"Жансақтау бөлімінде 104 науқас жатыр. Оның ішінде 48 адамның жағдайы ауыр болса, дәрігерлер 56 науқастың жағдайын аса ауыр деп бағалап отыр", - делінген әкімдік ақпаратында.
Медицина қызметкерлері астаналықтарды вакцина салғызып, өздері мен жақындарының денсаулығына қауіп төндірмеуге шақырады.