Ғарыш кемесі 31-ші алаңдағы старт кешенінен ұшырылды. "Прогресс МС-17" Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жанармай, су, оттегі баллондары, ғылыми экспериментке арналған жабдықтар мен басқа да қажеттіні жеткізеді.
Роскосмос мәліметі бойынша, "Прогрестің" Халықаралық ғарыш станциясындағы ресейлік сегменттегі "Поиск" модулімен түйісуі 2 шілдеде сағат 4.02-ге жоспарланып отыр.
Жүк кемесі ғарыш станциясына 470 килограмм жанармай, 420 литр ауыз су, 40 килограмм ауа мен оттегі, сондай-ақ 1 500 килограмм түрлі жабдық пен материал жеткізеді. Оның қатарында борт жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған құралдар мен ресурстық аппаратура, ғарыш эксперименттеріне арналған жабдықтар, медициналық және санитарлық-эпидемиологялық құралдар, экипаж мүшелеріне арналған киім-кешек пен азық-түлік бар.
Қазір Халықаралық ғарыш станциясында 65-ші экспедиция жұмыс жүргізуде. Олар - ресейлік Олег Новицкий мен Петр Дубров, америкалық Марк Ванде Хай, Шейн Кимброу мен Меган МакАртур, Жапония ғарышкері Акихико Хосиде (станция командирі) және француз Том Песке.
Байқоңырдан түсірілген әсерлі видеоны тамашалаңыз.