Қоғам

Тоқаев депутаттардың дербестігін кеңейтетін заңға қол қойды

Жергілікті биліктің дербестігі кеңейгеніне қарамастан, олар өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарау керек
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту туралы заңға қол қойды. 

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген Ақорда сайтындағы хабарламада.

Құжатқа сәйкес бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемдер, жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер (ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін қоспағанда), жер учаскелерін жалға беру құқығын сатқаны үшін төлемақы енді аудандық бюджетке аударылады.

Оқи отырыңыз: Кейбір салықтар мен төлемдер аудандық бюджеттерге беріледі 

Мәслихаттардың шешімдерін әділет органдарында тіркеудің қажеті жоқ.  

Әкімшілік-аумақтық бірліктер санатын өзгерту тәртібі анықталды. Қала мәртебесін өзгерту бес жыл ішінде, ал ауылдар – үш жыл ішінде жүзеге асырылады. Яғни, жергілікті атқарушы және өкілді органдар осы кезеңде елді мекендердің одан әрі келешегін ескеріп, экономикалық дамуы үшін шаралар қабылдауға тиіс.

Сонымен қатар мәслихат пен оның депутаттарының мәртебесін арттыру бойынша бірқатар түзету қарастырылды. Мәслихат сессиясы төрағасының қызметі жойылып, оның өкілеттігі мәслихат хатшысына берілді.