НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Парламент сенаты аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев заң жобасында ұсынылған бірқатар өзгеріске тоқталды.
"Бірінші. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бюджетінің кіріс көздерін ұлғайту мақсатында төртінші деңгейге қосымша салықтар мен төлемдердің 4 түрін беру ұсынылады", - деді ол.
Олар:
- бірыңғай жер салығы;
- жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемдер;
- жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер (ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін қоспағанда);
- жер учаскелерін жалға беру құқығын сатқаны үшін төлемақы.
Сонымен қатар, бюджеттік рәсімдерді оңайлату ұсынылады.
Атап айтқанда, 20 проценттен аспайтын көлемде ауылдық округ әкімі аппараты үшін бюджетке түзетулер енгізу көзделеді. Түзету жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімімен жүргізіледі.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, мәслихаттардың шешімдерін әділет органдарында тіркеу қажеттілігі бойынша норманы алып тастап, бюджеттерді бекіту рәсімін оңайлату ұсынылады.
Әкімшілік-аумақтық бірліктер санатын өзгерту тәртібі анықталады. Қала мәртебесін өзгерту бес жыл ішінде, ал ауылдар – үш жыл ішінде жүзеге асырылады. Яғни, жергілікті атқарушы және өкілді органдар осы кезеңде елді мекендердің одан әрі келешегін ескеріп, экономикалық дамуы үшін шаралар қабылдауға тиіс.
Сонымен қатар мәслихат пен оның депутаттарының мәртебесін арттыру бойынша бірқатар түзету қарастырылған. Мәслихат сессиясы төрағасының қызметін таратып, оның өкілеттігін мәслихат хатшысына беру ұсынылды.
Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихаттарының тұрақты комиссияларының тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағаларының екі лауазымы енгізіледі. Мәслихат депутаттарының тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен біліктілігін арттыруға құқық беріледі.
Заң жобасы өңірлердің дербестігі мен жауапкершілік деңгейін арттыруға және жергілікті маңызы бар мәселелерді неғұрлым жедел шешу үшін бюджеттік рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді, деді Ерғалиев.
Парламент сенаты заң жобасын екі оқылымда қарап, бірауыздан қабылдады.