НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Жеңілмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (10-0, 6 КО) бұрынғы WBA Regular титулының иегері америкалық Роб Брантты (26-3, 18 КО) жеңгеннен кейін орта салмақтағы ең мықты боксшыларды жекпе-жекке шақырды, деп хабарлады Sports.kz.
Он раундқа есептелген жекпе-жек Лас-Вегаста өтіп, қазақ боксшысы техникалық нокаутпен жеңіске жетті – сегізінші раундтан кейін Бранттың бапкерлері жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Осыдан кейін Әлімханұлы чемпиондарға қарсы тұруға дайын екенін білдірді.
"Чемпиондар, қайдасыңдар? Мен сендерді нокаутқа түсіргім келеді", - деп жазды Жәнібек твиттерде.
Айта кетейік, орта салмақтағы әлем чемпиондары: қазақстандық Геннадий Головкин (IBF, IBO), америкалықтар Деметриус Андраде (WBO) және Джермалл Чарло (WBC), сондай-ақ жапониялық Риота Мурата (WBA Super).