Экономика

"Өмір сүру қиындап барады": Жүргізушілер дизель отынын іздеп сабылып жүр

Алматылық жүргізушілер бірнеше күннен бері дизель таппай тығырыққа тірелген. Әсіресе жүк көлігін тізгіндегендер сұйық отын іздеп қаланы шарлап жүр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Алматыда жүрізушілер дизель отынын іздеп сабылып жүр. Қаладағы жанармай құю бекеттерінің көбісінде сұйық отын жоқ.

Бағасы аспандап кеткен жанармай кей жерлерде тек талонмен беріліп жатыр. Шымкентте де бұл мәселе әлі шешілмеген, деп хабарлады КТК.

Апта басында энергетика министрлігі бағаны тұрақтандырып, тапшылықты бір-екі күнде жоямыз деген уәдесі сөз жүзінде қалған. Өңірлерде дизель қоры жеткілікті деген шенеуніктердің сөзіне қарағанда, бұл алыпсатарлардың бағаны көтеру мақсатында жасап отырған қитұрқылығы болуы мүмкін.

Алматылық жүргізушілер бірнеше күннен бері дизель таппай тығырыққа тірелген. Әсіресе жүк көлігін тізгіндегендер сұйық отын іздеп қаланы шарлап жүр. Өйткені жанармай бекеттерінің көбісі дизельді тек талонмен беріп жатыр.

"Мен экономист емеспін. Бірақ тапшылық бағаны өсіру үшін жасалып отыр деп ойлаймын. Бұл жағдай ең соңында қарапайым халыққа ауыр тиеді. Өйткені біз қазір тасымалдаудың құнын көтеруге мәжбүрміз. Соның салдарынан тауар да қымбаттайды. Кеше дизель іздеп жұмысымыз тоқтап қалды. Қазақстанда өмір сүру күннен-күнге қиындап бара жатқаны өкінішті", - дейді жүк көлігінің жүргізушісі Иван Григорьев.

Шаһарда дизель сатып жатқан санаулы бекеттегі баға шарықтап шыға келді. Өткен аптада 190 теңгеден сатылған сұйық отын қазір мұнда 230 теңгеге бір-ақ жеткен. Көліктері қаңтарылып, кешелі бері жұмысқа шыға алмай отырған жүргізушілер амалдың жоқтығынан қымбат дизельды құюға мәжбүр.

"230 теңгеден құйып жатырмын. Не істеймін енді?! Жұмыс істеу керек. Бірақ бұл өте қымбат!".

Дизель отыны Шымкентте әлі де тапшы. Апта басында энергетика вице-министрі оңтүстіктегі жүргізушілердің жүйкесін жұқартқан бұл мәселені бір-екі күнде шешеміз деп сендірген болатын. Алайда шенеуніктер айтқан сөзінде тұрмады. Себебі, күнгейдегі жанармай сататын ірі желілерде дизельдің бір тамшысы да қалмаған. Немесе бағаның қымбаттауын күтіп саудаға шығармай отыр.

"Қазір бекеттерде дизель отыны жоқ. Болмаса талонмен береді. Жоғарыда отырғандар бір аптада шешеміз деген. Он күн болды, бұл мәселе шешілмеді. Менің көлігім дизельмен жүреді. Қозғалу қиын. Қала шетіне барсаң 200-300 теңегеден сатылады", - дейді  Шымкент қаласының тұрғыны Нұргелді Сәдуақасов.

Оқи отырыңыз: Оңтүстік аймақтарда жанар-жағармай қымбаттап кетті – министрлік себебін түсіндірді

Жауапты ведомство өкілдері Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты 13 маусымда қайта іске қосылып, өңірлерге дизель тасымалдау жанданғанын жеткізді. Олардың айтуынша, сұйық отын қоры Алматы қаласы мен оңтүстік өңірді толық қамтуға жеткілікті. Атқамінерлер құр санды тізбектеп, жолдаған сауалдарға мардымды жауап беруге де жарамады.

"Алматыда дизель отынының қоры қазір 10 мың тонна. Алматы облысында да 10 мың тонна сұйық отын қоры бар. Шымкенттегі зауыттан осы өңірге қосымша 2 мың тонна дизель жөнелтілді", - деп атап өтті энергетика министрлігінің басқарма басшысы Мұрат Тұрдыбеков.

Ал тәуелсіз сарапшылар дизель тапшылығы алдағы уақытта қымбатшылыққа ұласатынына сенімді. Олар энергетика министрлігі тапшылықты жойып, аспандап тұрған бағаны тұрақтандыру үшін тиісті шараны қазірден бастап қолға алғаны жөн дейді. Әйтпесе баға ырыққа көнбей, оның зардабын қарапайым халық тартуы мүмкін. Өйткені дизель қымбаттаса, дәнді дақыл мен азық-түлік бағасы тағы да көтерілуі мүмкін.