АЛМАТЫ, 25 маусым – Sputnik. Алматы коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймаққа қайта өтуі мүмкін. Бұған қалада тіркелген коронавирустың үнді штаммы себеп болып отыр. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Маусымның басында қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып, "жасыл" аймаққа шыққан болсақ, қазір жағдай күрделеніп келе жатыр. Үндістандық дельта штаммы бізге де келді, күнде тіркеліп жатыр. Ай басында күніне жүз адам тіркелсе, бүгін 181 адам тіркелді. Науқастарды емдеуге қалада 7 мың төсек-орын дайындалған болатын. Барлық клиниканы қосқан кезде бұл көрсеткіш 1 730-ға дейін төмендетілді, қазір оның 33%-інде науқастар жатыр", - деді Сағынтаев.
Вирусолог: үнді штаммынан қорғану үшін антиденелер бес есе көп болу керек
Оның сөзінше, күн сайынғы репродуктивті өсім айдың басында 0,1% болса, қазір 0,2%-ке жетті. Егер қалада жағдай күрделенетін болса, көпсалалы үш емхана қайтадан инфекциялық ауруханаға ауыстырылады.
"Біздің жобамыз бойынша, қазір "сары" аймақта тұрсақ, жақын күндері "қызыл" аймаққа өту қаупі бар. Үндістандық дельта штаммы соған алып келе жатыр. Науқастардың санын тоқтатудың бірден-бір жолы – вакцина салдыру", - деді қала әкімі.
Айта кетейік, бірінші ақпаннан бері 24 маусымға дейін қалада барлығы 403 мың адам вакцинаның бірінші компонентін салдырды. Оның ішінде 226 мың адам екі бөлігін де алды.