НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Инфекционист дәрігер Евгений Тимаков COVID-19-дың үнді штаммы не себепті қауіпті, толық вакциналаудан кейін де ауру жұқтыру мүмкін бе және пандемия қашан түбегейлі тоқтайды деген сұрақтарға жауап берді.
"Вирус біз ойлағаннан да жылдамырақ мутацияланып жатыр. Бастапқы вирустар біздің иммундық кедергілерді айналып өте алмаған болатын. Ия, олар патогенді болды, постковидтік синдромдар тудырды, бірақ халықтың 30%-і ауруға шалдықпайтынын, тіпті вирус жұқтырған адаммен етене байланысқан кезде де инфекция жұқтырмағанын көрдік. Вирусқа бұл ұнамады да, ол өз түрін өзгертіп, бізге бейімделуге тырысқан секілді", - деді Sputnik агенттігіне инфекционист, медицина ғылымдарының кандидаты, "Лидер-медицина" медицина орталығының бас дәрігері Евгений Тимаков.
Ол уханьдық коронавирус өткен жылдың күзінен бастап түр өзгерте бастағанын айтты. Бастапқыда бұл бүкіл әлемге таралған өте қауіпті және агрессивті британ штаммы болды. Себебі сол елде вирус қолайлы жағдайға тап болды. Одан кейін әр елде өз мутациясы пайда бола бастады.
"Эпидемиологиялық тұрғыдан мән беруге тұрарлықтай мутация Ресейде де болды – сібір және солтүстік-батыс штаммдары пайда болды. Алайда олар одан әрі тарала алмады – патогендігі төмен болды. Ал климаты ыстық елдердегі – бразилиялық, оңтүстікафрикалық, үнді штаммдары айтарлықтай түр өзгерткені соншалық, жоғары қауіпті вирусқа айналды. Бүгінде осылардың ішінде ең қауіптісі – үнді штаммы болып отыр. Ол бес мутациядан өтті", - деді инфекционист.
Дәрігер Тимаковтың айтуынша, үнді штаммының адамдағы иммундық кедергілерді айналып өтуі, иммунитеттен "жасырынып", аурудың клиникалық сипатын өзгертуі қауіпті болып отыр. Вирус кәдімгі жіті респираторлы вирусты инфекция түрінде байқалғанымен, адам денсаулығына үлкен залал келтіріп отыр.
Евгений Тимаков сондықтан қазіргі міндет мұны тоқтатуда емес, адамның өмірі мен денсаулығына одан да қауіпті, иммундық кедергілерге төтеп бере алатын жаңа штамм пайда болуына жол бермеуді қарастыру екенін айтты.
"Бұл – иммунитеті әлсіреген адамдар, коронавируспен ауырғанына қарамастан қайтадан вирус жұқтырған адамдар. Вирус сонда да иммунитетті айналып өтіп, олар инфекция жұқтырды. Қазір Үндістанда дельта-штаммнан бөлек әлдеқайда белсенді әрі жылдам дельта+ штаммы қалыптасқанын көріп отырмыз. Сондықтан мәселе ол штаммнан қалай қорғануда емес, көп жыл бойы үрейде өмір сүрмес үшін мына пандемияны қалай тоқтау керектігінде. Ол үшін адам ағзасында вирусты бейтараптандыратын белсенді антиденелер қалыптасуы керек", - деп сенім білдірді инфекционист.
Тимаковтың айтуынша, коронавирустың үнді штаммын жұқтырмас үшін ағзадағы антидене нормасы қалыпты көрсеткіштен кемінде бес есе көп болуы керек. Сондықтан ол антиденелер мөлшері азаюын күтпестен вакцина салғызуға кеңес берді. Оның пікірінше, антидене деңгейі жоғары болған жағдайда да вакцина салуға болады. Барлық елдегі және платформада жүргізілген зерттеу мұның қауіпсіз екенін дәлелдеді.
Евгений Тимаков "Спутник V" өте тиімді екенін және ол адам ағзасындағы антидене көлемін коронавируспен ауырып тұрғаннан кейінгі көрсеткіштен де еселеп арттыра алатынын айтты.
"Спутник" қана емес, барлық вакцина, платформа инфекция жұқтырған ағзаға қарағанда 1,3-1,5 есе көп вирус бейтараптандырушы антидене түзе алады. Вакцина ағзаға әлдеқайда тиімді әсер етеді", - деп түсіндірді маман. – Ауру жұқтыру, жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылу ғана емес, постковидтік синдром да қорқынышты. 50 жастан асқан адамдардың арасында ол түрлі формада әрбір екінші азаматта кездеседі. Ол қанға, қан жасушаларына, эндотелияға, қан түйіндеріне, жүйке жүйесіне, жалпы барлық органға әсер етеді. Мұның барлығы ковидтің салдары. Оны жұқтырмаудың жалғыз жолы – вакцина салғызу".
Вакцинаның құрамында ешқандай вирус жоқ және ол жұқпалы емес, деп түсіндірді Тимаков. Бірақ вакцина салдырған адам бірінші және екінші екпе арасында вирус бейтараптандырушы антидене түзе алмауы мүмкін. Сондықтан ауырып қалуы ықтимал. Дәрігер бұл екпе салдырғандардың 2-30%-і ғана болғанымен, мұндай жағдай кездесуі мүмкін екенін айтты.
"Екі екпені салдырғаннан кейін де коронавируспен ауырып қалу ықтималдылығы бар. Бірақ оның салдары соншалықты ауыр болмайды, науқастың ауруханаға жату қажеттілігі туындауы екіталай. Екпе салдырған адамдарда ауру жеңіл түрде өтеді. Кейде тіпті адамдардың өзі де ковидпен ауырып тұрғанын байқамай қалады", - дейді Евгений Тимаков. - Бірақ бұл ағзада вирус жоқ деген сөз емес. Екпе салдырған адам коронавирус жұқтырса, ол бәрібір айналасындағылар үшін қауіпті бола береді".
Медицина маманының айтуынша, Ресей мен бұрынғы КСРО-ның бірқатар мемлекеті вакциналау бойынша кейін қалып келеді. Мұнда екпе салдырғандар көрсеткіші халықтың 10%-інен төмен.
Сондықтан вирусолог қазір кейбір елдегі билік вакциналау бойынша қабылдап жатқан шараларды дұрыс деп санайтынын айтты.
Евгений Тимаков бірінші вакциналау тұрақты түрде жүргізілетін шақта ғана коронавирус пандемиясын толық бақылауға алуға болады деп санайды. Одан кейін вирусты бейтараптандыратын антиденелерге бір реттік вакцина дозасын салғызу арқылы ынталандырып тұру қажет болады. Оның пікірінше бұл іс-шараға кемінде екі жыл уақыт кетеді.
"Вирус толығымен бізге бейімделуі, ал бізде мықты ұжымдық иммунитет қалыптасуы керек болады", - деп қорытты дәрігер Тимаков.