Тәлібтер тәжік шекарасын бақылап отыр: әрі қарай не болмақ

Шетелдік әскер Ауғанстан территориясынан толық шығарылуына екі апта қалған кезде тәлібтер тәжік шекарасындағы негізгі аумақ – "Шерхан-Бандар" кеден және сауда өткелін басып алды
Sputnik

Шекара маңындағы үкіметтік күштер қиратылды, терроризмнің Орталық Азия елдеріне қарай ығысу қаупі арта түсті.

"Талибан"* қозғалысының содырлары 22 маусымда Ауғанстанның Тәжікстанмен арадағы басты шекара өткелі – "Шерхан-Бандар" бақылау-өткізу пункті мен оған жапсарлас жатқан елді мекендер мен барлық шекара постын басып алды. Бұл аудандағы ауған қауіпсіздік күштері өз позицияларын тастаса, кейбір әскери қызметшілер шекара арқылы Тәжікстанға қашып кетті.

Ауғанстан Орталық Азия елдерінің арнайы жасақтарын біріктіруді ұсынды
Бақылау-өткізу пункті арқылы қозғалыс тоқтатылды. Негізгі соғыс әрекеттері тәлібтердің қоршауында қалған Кундуз қаласының маңында жалғасып жатыр. Тәлібтер Баглан, Герат, Кундуз, Фарьяб провинцияларындағы бірнеше ауданды біруақытта басып алды. Соңғы екі айда аталған қозғалыс 30 ауданға жайғасып, бүгінде Ислам республикасының төрттен үш бөлігін өз бақылауында ұстап отыр. Сондықтан тәлібтерге жеңіс жақындап қалғандай көрінуде.

Кабулдың көп ұзамай берілуінің ықтималдылығы жоғары. Үкіметтік әскер мен полицияның содырларға қарсы қауқары жетер емес. Президент Ашраф Гани өткен аптада қорғаныс, ішкі істер министрлері мен қарулы күштердің бас штабының басшысын ауыстыруға мәжбүр болды. Ауған парламентарийі үкімет елдегі жағдайды уысынан шығарып алғанын мәлімдеп, "Талибанға"* қарсы күресуге арналған қоғамдық майдан құруды ұсынды. Осы жағдайға байланысты Тахар, Баглан, Джаузджан, Сари-Пуль, Фарьяб, Кундуз, Балх, Парван, Кандагар және Бадгис провинцияларында халықтық жасақ әскерлері қалыптасып жатыр.

"Шерхан-Бандар" бақылау-өткізу пункті – Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы маңызды сауда-аялдау пункті. Бұл орын арқылы Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің арасындағы тауар айналымының ауқымды бөлігі өтеді. Сондықтан тәлібтер Ауғанстан аумағынан тыс халықаралық қарым-қатынасқа араласып отыр. Тәжікстан шекара күзетін күшейтіп, он мыңға жуық ауған босқының өз аумағында жайғастыруға дайындық білдірді.

АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығы (жауапкершілік аймағына Таяу Шығыс пен Орталық Азия кіреді) америкалық контингентті Ауғанстаннан шығару миссиясының 50%-тен астамы орындалғанын және 10 шілдеге дейін аяқталатынын хабарлады.

БҰҰ Ауғанстанға қолдау көрсету жөніндегі миссиясының басшысы Деброа Лайонстың ауғанаралық текетіресті әлі де бейбіт жолмен шешуге болады деген үміті бар. Бірақ тәлібтердің провинция орталықтарын "қоршау" тактикасы мен шетелдік әскер елден кеткеннен кейін оларды толық басып алуға деген ұмтылысы оқиғаның басқа бағытта өрбитініне күмән келтірмей отыр. Көрші мемлекеттер күштері мен құралдарын төнуі ықтимал қауіпті бейтараптандыруға жұмылдыруға мәжбүр.

Тоқаев Ауғанстан президентімен телефон арқылы сөйлесті
Душанбеде 22 маусымда өткен екіжақты келіссөздер кезінде РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев және оның Тәжікстан, Қазақстан және Қырғызстандағы әріптестері - Насрулло Махмудзода, Әсет Исекешев, Марат Иманқұлов Ауғанстандағы жағдайға байланысты қауіпсіздік мәселелерін және ҰҚШҰ мен ШЫҰ (құрамына Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан кіреді) аясында өзара іс-қимыл жоспарларын талқылады. Біраз бұрын РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу де орталық азиялық әріптестерімен кездескен болатын. Ресей мен Өзбекстанның қорғаныс ведомстволары 2021-2025 жылдарға арналған әскери саладағы стратегиялық ынтымақтастық бағдарламасын әзірледі.

Ресей Ауғанстандағы оқиғалардың кез-келген бағытта өрбуіне, соның ішінде азаматтық соғыстың жаңа кезеңіне және терроризмнің солтүстікке қарай ығысуына да дайын. ҰҚШҰ ұйым мүшелерінің қорғаныс қабілетін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Оған қоса, Ауғанстанмен шекаралас барлық мемлекет, соның ішінде Пәкістан мен Иран бар Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлеуетін пайдалану қажет. Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу 23 маусымда Мәскеудегі халықаралық қауіпсіздік конференциясында Исламабад және Тегеранның араласуынсыз "ауған түйінін" шешу мүмкін емес екенін мәлімдеді.

Ауғанстанның сыртқы істер министрі Мұхаммед Ханиф Атмар 22 маусымда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында "Екі аптадан кейін шетелдік әскерді елден шығару процесі аяқталады да, халықаралық қауымдастық "Талибан"* Дохадағы келісімдердің ешқандай тармағын орындамағанына көз жеткізеді" деп мәлімдеді. Жалпы бұл құпия емес болатын.

Ауғанстан Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Пәкістан, Қытай, Иран, Үндістанмен шекаралас жатқан ел. Сондықтан кейбір сарапшылар НАТО мен АҚШ әскерінің Ауғанстан аумағынан кетуі Батыстың геосаяси қарсыластары үшін әдейі жасалып отырған шара деген пікір айтып отыр. Егер ақиқат осы болса, онда Пентагон Орталық Азия елдерінен "қосалқы аэродром" іздемес еді.

Ауғанстан Ислам Республикасының экс-президенті 21 маусымда Associated Press агенттігіне берген сұхбатында "Халықаралық қауымдастық ауған жеріне 20 жыл бұрын экстремизмге қарсы күресу жүргізу және тұрақтылықты қамтамасыз ету сынды айқын мақсатпен келген болатын. Алайда елдегі экстремизм әлі де өршіп тұр, ал коалиция күштері елді тастап кетіп барады" деп ашық мәлімдеді.

Осы 20 жылдың ішінде АҚШ-ты бейбітшілікке мәжбүрлеген "Талибан" бір ғана елдегі биліктен әлдеқайда көпті көксеуі мүмкін. Себебі олар "ислам эмираты" жобасынан бас тартып отырған жоқ. Елде "Әл-Каида", "Ислам мемлекеті" сынды деструктивті күштер және тағы басқа 30-ға жуық террористік топ әрекет етуде.

Еске салсақ, тәлібтер 1996 жылы Ауғанстандағы билікті соғыс арқылы тартып алып, шариғаттың ең қатаң талаптарын енгізді: тіпті елеусіз заңбұзушылық үшін де халық алдында өлім жазасына кесу және аяқ-қолды шабу, әйелдерді қоғам өмірінен толық оқшаулау, кино, теледидар, музыкаға түбегейлі тыйым салу. Ер адамдарды сақал қоюға, әйелдерді бастан-аяқ жабынып киінуге мәжбүрледі. Сонымен қатар "Талибан"* елде "Әл-Каида"* көшбасшыларының паналауына рұқсат берді.

* – Қазақстан Республикасында және басқа да бірқатар мемлекетте тыйым салынған террористік ұйым