Түрік-ауған қақтығысы көрші жатқан Орталық Азия елдерінде тұрақтылықты шайқалтып, Солтүстікатлантикалық альянс әскерінің "қайта оралуына" себеп болуы ықтимал.
Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова Ауғанстанда түрік әскерилерінің қалуы Дохада жасалған келісім талаптарына қайшы келетінін және ауғанаралық ұлттық бітімгершілікке кедергі болатынын мәлімдеді.
Біраз бұрын Ауғанстан үкіметі мен түрік тарапы арасында келіссөздер жүріп, президент Эрдоған АҚШ пен НАТО әскері кеткеннен кейін "Түркия Ауғанстанның жалғыз үміті" екенін атап өтті. Түркияның қорғаныс министрі Хулусу Акар АҚШ пен оның одақтастары сәйкес түрде қаржыландырған жағдайда Түркия Ауғанстан астанасындағы әуежайды күзетуге дайын екенін айтты. Кабул әуежайы өте үлкен және қаланың ішінде орналасқандықтан оның қауіпсізігін қамтамасыз ету өте күрделі мәселе.
Тәлібтер шетелдік әскердің ел аумағынан толық кетуін талап етіп, Түркия да НАТО мүшесі болғандықтан, басқыншы ретінде қарастырылатынын бірнеше рет еске салуда. Ал Ауғанстандағы жағдай әлі аз да болса тынышталған жоқ. Қақтығыстар мен шабуылдар әлі де жалғасып жатыр.
18 маусымда Қазақстан мен Ауғанстан әскери ынтымақтастық туралы келісімге келді. Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Ауғанстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Хамдулла Мохиб сәйкес құжатқа қол қойды. Бұл келісім бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізу, әскери кадрларды даярлау, материалдық-техникалық қолдау, екі елдің барлау қызметтері арасындағы өзара іс-қимыл және медицина саласындағы ынтымақтастығын қарастырады.
Гератта Ауғанстан мен Түрікменстанның сыртқы істер министрлері Мохаммед Ханифа Атмар мен Рашид Мередовтың арасында келіссөздер өтті. Тараптар бірқатар бірлескен жобаның жайын талқылады. Оның қатарында қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа қатысты келелі мәселелер болуы ықтимал. Ауғанстан СІМ басшысы түрікмен аумағында Кабул мен "Талибан"* арасында келіссөздер жүргізуге дайындығы үшін Ашхабадқа алғыс айтты.
Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Джо Байден 15 маусымда Женевада өткен саммитте Ауғанстандағы жағдайды талқылады. Америкалық көшбасшы терроризмнің жандануына жол бермеу мақсатында Ресейдің Ауғанстан мәселесі бойынша қол ұшын созуға деген ниетін жоғары бағалады. Біраз бұрын Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Тәжікстан мен Өзбекстанға іссапармен барып, НАТО мен АҚШ әскерінің ауған жерінен кетуіне байланысты ықтимал қауіп-қатерді талқылап қайтты.
Ауғанаралық бейбіт келісімдер қазір тығырыққа тірелген. 1 мамырда басталған АҚШ пен НАТО әскерінің елден кетуі террористердің шабуылдарды жиілетуіне алып келді. Үкіметтік күштердің ай сайынғы адам шығыны жүздеген көрсеткішке жетті: сәуірде – 388, мамырда 1 134 әскери қызметші мен полиция қызметкері көз жұмды. Тәлібтер қару-жарақ пен техника сақталған бірнеше қойманы басып алды.
Ауғанстан қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 17 маусымда Фарьяб провинциясында болған тәлібтермен қақтығыста 21 ауған әскериі қаза тауып, 15 сарбаз із-түзсіз жоғалып кетті. "Талибан"* әскери қызметкерлер және бейбіт тұрғындарды өлтіру арқылы билікті басып алуға ұмтылып жатыр.
Біраз бұрын Нангархар провинциясында полиомиелитке қарсы екпе салатын бес маман қаза тапты. Елдегі вакциналау наурызда басталған болатын. Ол 34 провинциядағы 9,6 миллион адамды қамтуы керек.
Солтүстік-шығыстағы Баглан провинциясында 9 маусымда тәлібтер аумақты минадан тазалаумен айналысатын HALO Trust британ-америкалық коммерциялық емес ұйымның 10 қызметкерін өлтірді. ИМ* бұл қылмысты өз мойнына алды.
Түркия мен Ауғанстан қарым-қатынасы бұрыннан оң сипатта болуына байланысты Ислам республикасындағы түрік әскері елдегі мемлекеттік қауіпсіздік пен өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуі бек мүмкін. Алайда түрік миссиясының оңтайлы жүзеге асуы ең алдымен тәлібтердің көзқарасы мен шетелдік әскердің елден кету жылдамдығына байланысты болып отыр.
ИМ, Талибан* – Қазақстанда, Ресейде және бірқатар мемлекетте тыйым салынған террористік ұйымдар.