НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Полицейлер Нұр-Сұлтан тұрғын үй кешендерінің бірінде мониторды сындырған адамды тапты.
Бұған дейін әлеуметтік желіде ер адамның лифт кабинасындағы мониторды сындырып тастағаны жайлы видео жарияланған болатын.
Полицейлер бұзақыны тапты – ол 30 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Тәртіп бұзушының кім екені бейнекамералар арқылы анықталды.
Елорда тұрғыны жұдырығының күшін "тексеріп" көрген кезде мас болған.
Нұр-Сұлтан полиция департаментінің хабарлауынша, ер адамға қатысты Әкімшілік кодекстің 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік іс қозғалған. Сот тәртіп бұзушыға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе 14 585 теңге (35 долларға жуық) айыппұл салды.
Нұр-Сұлтанда лифтіде дәрет сындырған әйелдің кім екені белгілі болды
Тәртіп сақшылары тұрғындарды ортақ үй мүлкіне ұқыпты қарауға шақырып, қоғамдық тәртіпті бұзғандар жазаланатынын еске салды.