НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Женевадағы кездесу бәрі күткендей нәтижемен аяқталды: Путин мен Байден жоспарға сәйкес мәлімдеме жасап, келіссөздерді конструктивті және позитивті деп атады. Келіссөздер нәтижесі бойынша елшілер елге қайтатын болды, сотталғандарды алмасуы мүмкін. Сонымен қатар тараптар жақында қаруландыру бойынша келіссөздер жүргізуге келісті: "алдағы уақытта стратегиялық тұрақтылық бойынша кешенді екіжақты диалог іске қосылады", деп жазды РИА Новости.
Қос президент өткізген баспасөз конференциясы кезінде америкалық журналистер қойған сұрақтардан-ақ АҚШ-тың Ресей өз позициясын өзгертеді деп үміттенгенін байқауға болады. Әрине мұндай үміт Вашингтон әкімшілігінде емес, АҚШ қоғамында болғаны түсінікті.
Соған қарағанда Америка өзінің әлемдік деңгейде әлі де ықпалы бар екеніне сенетін секілді. Оның үстіне алдыңғы президент Дональд Трампты орыстарға тым жақын деп қаралау мақсатында ойдан шығарылған айыптауларға өзі де сеніп қалған секілді. Сондықтан ол Ресейдің жазалануын және оның өз саясатын өзгертуін күтіп отыр.
Жалпы Джо Байден Ресей президентімен кездесуді өзі талап етті. Себебі ол АҚШ-тың қазіргі президенті ретінде алдыңғы көшбасшы Трамптың жол берген қателіктері мен олқылықтарын түзетуге тырысып жатқан сыңай танытуы керек. Сондықтан ол кеңесшілерімен ақылдасып, бұл кездесуге барынша дайындалды. Ол тіпті Хилари Клинтоннан мақтау сөз естіді.
Баспасөз конференциясы барысында Байден "адам құқықтарының тапталуына жол беретін болса, АҚШ Навальный ісі секілді мәселелерді көтеруді жалғастыра беретіні туралы Путинге мәлімдегенін" жеткізді. Алайда Ресей қайсыбір мемлекеттің Навальный ісі туралы сөз қозғауын басқа мемлекеттің ішкі мәселесіне араласу деп танитынын бұған дейін де мәлімдеген болатын.
Сондықтан Байден үшін Навальный тақырыбын қайта-қайта қозғай беру тиімді емес. Оның үстіне Путин бұл мәселе қозғалған сайын Капитолийге шабуыл жасағандарға қатысты іс-шаралар жайын еске салып келеді.
Женевадағы кездесуге қатысты Путин өзінің ешқандай шектен тыс үміт күтпегенін және Ресей өзіне төнген қауіпке қарай әрекет етіп отырғанын мәлімдеді.