Қоғам

Учаскелік инспекторлардың жалақысын өсіріп, баспана береміз – Тұрғымбаев

Аталған заң жобасы аясында учаскелік инспекторлардың құзыреті кеңейеді деп жоспарланып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Парламент сенаты ішкі істер қызметінің мәселелері туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, аталған заң жобасы аясында учаскелік инспекторлардың құзыреті кеңейеді. Сонымен қатар учаскелік инспектордың көмекшісі лауазымы енгізіледі.

"Біздің есептеуіміз бойынша аудандық бөлімшелерге 2 мыңға жуық учаскелік инспектор көмекшісін енгізу қажет. Олар неге қалада емес, ауылдарда болады? Өйткені бізде патрульдік полиция, негізінен, қалаларда шоғырланған. Яғни қандай да бір қылмыс болса, бірінші болып патрульдік полиция жетеді, кейін учаскелік инспектор барады. Ал ауылдарда керісінше, алғаш көмекке учаскелік инспектор барады, себебі елді мекендерде одан басқа ешкім жоқ", - деді министр.

Бұған қоса, айтуынша, учаскелік инспектордың көмекшілері кәмелетке толмағандардың ісімен де айналысады. Себебі жергілікті жерлерде балалардың ісін қарайтын тек бір ғана инспектор бар.

"Учаскелік инспекторлардың мәртебесін көтеру үшін үш жыл ішінде олардың жалақысын өсіру жоспарланып отыр. Баспанамен қамту мәселесі де осы уақыт ішінде кезең-кезеңмен шешіледі", - деп уәде берді Тұрғымбаев.

Оқи отырыңыз: Пандемия кезінде балаларға қарсы қылмыстар саны өсті – ІІМ

Сондай-ақ заң жобасында тиісті қаржыландырудың болмауына байланысты дактилоскопиялық тіркеуді қолданысқа енгізу мерзімін 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтату көзделген.

Бұдан бөлек төтенше жағдай министрлігінің құрылуына байланысты бірқатар өкілеттік басқа мемлекеттік органдарға беріледі.

Азаматтық қорғау бөліністеріне тергеу жүргізу функциясы беріледі. Ал өрт сөндіру қызметі өз алдына жаңа статуспен құқық қорғау органдарының ішіне кіреді.