Әлем

Путин мен Байден Украинадағы жағдайды талқылады

Ресей Федерациясының басшысы АҚШ президенті Джо Байденмен сындарлы әңгіме өрбіткенін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. АҚШ президенті Джо Байден Украинадағы жағдайды реттеуге Минск келісімі негіз болуға тиіс деген пікірмен келіседі, деп хабарлады Ресей президенті Владимир Путин баспасөз конференциясы барысында.

Женева саммитінен қандай нәтиже күтуге болады

"Украинаға келетін болсақ, иә, бұл тақырып қозғалды. Оны бүге-шігесіне дейін айтып бере алмаймын. Алайда президент Байденді түсінуімше, ол Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайды реттеуге Минск келісімдері негізі болуға тиіс деген пікірмен келіседі", -  деді Путин Джо Байденмен кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында.  

Ресей басшысы келіссөздер барысында көтерілген мәселелер туралы да айтты.

"Стратегиялық тұрақтылық, киберқауіпсіздік, өңірлік қақтығыстар, сауда қатынастары сияқты тақырыптар туралы бәрі білетін шығар. Арктикадағы ынтымақтастық туралы да әңгіме болды", - деді Владимир Путин.

Ол РФ-АҚШ саммитінде екі жақ та ұстанымдарды жақындастыруға ұмтылыс білдіргенін, сындарлы әңгіме өрбігенін баса айтты.