Өңірлер

20 мың қайда?: Шығыс Қазақстанда бойжеткен банкомат алдында "фокус" көрсетті

Зейнеткер бейтаныс қызға өз картасының пин-кодын айтып, 40 мың теңге шешіп беруін өтінген. Алайда бойжеткен ақшаның жартысын ғана берген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында 17 жастағы қыз зейнеткердің 20 мың теңгесін алдап алған.

2 маусым күні Шемонаиха ауданының 69 жастағы тұрғыны зейнетақысын алу үшін банкоматқа келген. Сөмкесін ақтарған зейнеткер көзілдірігін үйде қалдырып кеткенін біледі. Кейін банкоматтың жанында тұрған бейтаныс қыздан көмек сұраған, деп жазды Altaynews.kz.

Оқи отырыңыз: Маман адамдар банкомат арқылы қалай алданып қалатынын айтты 

Арам ойы жоқ зейнеткер әйел өз картасының пин-кодын бейтаныс қызға айтып, 40 мың теңге шешіп беруін өтінген. Алайда бойжеткен 40 мыңның орнына 20 мың теңгесін ғана қолына ұстатқан. "Қалған 20 мың теңге қайда?" деген сұраққа "білмеймін, мүмкін банкоматта қаражат таусылып қалған болар" деп жауап беріпті. Осылайша жетпей тұрған соманы жылпос қыз қалтасына басқаны анықталды.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікпен Шемонаиха қаласының 17 жастағы тұрғыны ұсталды, ол тергеу барысында кінәсін мойындады", - деді ШҚО полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев. 

Аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.