Оқиға

Шарында бір топ турист төтенше жағдайға тап болды

Туристер аман қалу үшін ағашқа өрмелеген, құтқарушылар олардың арасында ешкім зардап шекпегенін нақтылады
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 маусым – Sputnik. Шарын шатқалына келген туристер "тұзаққа түсіп қалды" – қатты балшық ағыны жолды жауып, тігілген шатырларды қиратты.

Қиындыққа тап болғандардың арасында блогер Тайыр Марасулов та бар. Төтенше жағдай туралы ол Instagram парақшасында хабарлады. Оның сөзінше, туристер тобында жеті адам болған, олар балшықты ағын жүрген кезде аман қалу үшін ағашқа өрмелеген.

"Шарында ауа райының қандай болатынын қарап, дайындалдық. Бұл аймақты білеміз, бұл жер бірнеше апта бұрын қайғылы оқиға болған орыннан алыс орналасқан. Біз жүрген жолда ешқашан су болған емес, бұл ұзын әрі тар жол, арғы жағында жол жоқ. Ол жерге бірінші рет барған жоқпын, туристерге арналған қалқалар мен орындықтар орнатылған", - деді Тайыр Марасулов.

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті туристердің қандай жағдайға түскенін әлеуметтік желі арқылы білген. Олар желіге қауіпті сәттердің видеосын жариялаған. Алайда құтқарушылар келгенге дейін туристер өз күшімен қауіпсіз жерге шығып алған. Ешкім зардап шеккен жоқ.

Тағы оқыңыз: Тоқаев ерлікпен қаза болған мұғалімді марапаттады

Құтқарушылар жеті адамның екі көлікпен демалуға келгенін нақтылады. Облыстық ТЖД бұған дейін тұрғындарға Алматы облысында дабылды ескерту жарияланғаны туралы хабарлама жіберілгенін айтты.

Ведомство қазақстандықтарды ауа райының өзгеруін бақылауға және сақтық шараларын сақтауға шақырды.

Шарындағы қайғылы жағдай

29 мамырда Шарын шатқалында балшық-сел тасқыны болды. Екі турист қаза тапты: Алматыдағы мектептің мұғалімі және оқушысы. Тағы бір қызды су ағызып әкетті. Ол оқиға болған орыннан бірнеше шақырым жерден келесі күні аман табылды.

Төтенше жағдай кезінде алты адам зардап шекті, олардың төртеуі ауруханаға жатқызылды.