АЛМАТЫ, 12 маусым – Sputnik. Шарын шатқалына келген туристер "тұзаққа түсіп қалды" – қатты балшық ағыны жолды жауып, тігілген шатырларды қиратты.
Қиындыққа тап болғандардың арасында блогер Тайыр Марасулов та бар. Төтенше жағдай туралы ол Instagram парақшасында хабарлады. Оның сөзінше, туристер тобында жеті адам болған, олар балшықты ағын жүрген кезде аман қалу үшін ағашқа өрмелеген.
Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті туристердің қандай жағдайға түскенін әлеуметтік желі арқылы білген. Олар желіге қауіпті сәттердің видеосын жариялаған. Алайда құтқарушылар келгенге дейін туристер өз күшімен қауіпсіз жерге шығып алған. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Тағы оқыңыз: Тоқаев ерлікпен қаза болған мұғалімді марапаттады
Құтқарушылар жеті адамның екі көлікпен демалуға келгенін нақтылады. Облыстық ТЖД бұған дейін тұрғындарға Алматы облысында дабылды ескерту жарияланғаны туралы хабарлама жіберілгенін айтты.
Ведомство қазақстандықтарды ауа райының өзгеруін бақылауға және сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Шарындағы қайғылы жағдай
29 мамырда Шарын шатқалында балшық-сел тасқыны болды. Екі турист қаза тапты: Алматыдағы мектептің мұғалімі және оқушысы. Тағы бір қызды су ағызып әкетті. Ол оқиға болған орыннан бірнеше шақырым жерден келесі күні аман табылды.