НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым – Sputnik. Үндістанның Керала штатында 11 жыл бұрын 18 жастағы қыз үйінен қашып кеткен. Жақында 29 жасқа келген қыз көрші үйден табылды, деп жазды Indian Express.
Саджита 2010 жылы із-түзсіз жоғалып кеткен. Содан бері оны ешкім көрмепті. Ата-анасы іздеп, таба алмаған. Жас қыз сүйіктісімен бірге болу үшін үйден қашып кеткен болып шықты. Оның ғашығы Алинчуваттил Рахман көрші үйде тұрады. Бір қызығы, жігіттің әке-шешесі де қыздың 11 жыл бойы үйде болғанын білмеген.
Оқи отырыңыз: Өзінен 19 жас кіші жігітпен көңіл қосқан елорда тұрғыны ыңғайсыз жағдайда қалды
Саджита пен Рахман әртүрлі дінді ұстанғаннан кейін ата-аналары екеуінің қосылуына рұқсат бермейді деп қорыққан. Содан екі жаққа да айтпай, 11 жыл бойы Рахманның бөлмесінде тығылып тұрған. Жігіт ішке ешкімді кіргізбеген. Рахман адамдармен көп араласпапты. Сол себепті көбісі оны психикалық ауытқуы бар деп ойлаған. Бірақ жас жігіт бәрін ойластырып қойғаны белгілі болды.
Рахман тамақты тығып тасыған. Дәретхана мәселесін де қарастырып қойыпты. Саджита үйдегілердің бәрі жұмысқа кеткенде шыққан. Ал түнде терезе арқылы далаға шығып отырған. Кірін бөлмеде жуып, сол жерде кептіріпті.
Жақында Рахман мен Саджита басқа ауылға қашып кеткен. Бірақ жігіттің туыстары оларды тауып алған. Құпия махабаттың мән-жайы да анықталды. Полиция екеуіне бірге тұруға рұқсат берді.