НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым – Sputnik. АҚШ әкімшілігі ақпанда маңызды тауарлармен жабдықтау тізбегіне мемлекеттің тәуелділігі бойынша зерттеуге тапсырыс берді. АҚШ президенті Джо Байденнің Еуропаға сапары және РФ президенті Владимир Путинмен кездесуі қарсаңында аталған зерттеу аяқталған көрінеді, деп жазды РИА Новости.
Зерттеу қорытындысы бойынша Америка үш салада осалдық танытатыны анықталды – дәрі-дәрмек, жартылай өткізгіштер және жердің сирек элменеттерін жеткізу. Көп жағдайда мәселе Қытайға байланысты айтылған.
Күні кеше инновациялар мен бәсекелестік туралы заң жобасы әзірленіп, ол АҚШ сенатының қарауына жолданды және жақын уақытта күшіне енеді. Мұнда көбіне Қытаймен бәсекелестік жайы қозғалған. Осы заң бойынша 250 миллиард доллар Америка экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жұмсалады. Ол инновациялық әзірлемелерді үдету және жетекші салаларды қолдау бойынша субсидияларды қамтып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, демократтар әкімшілігі республикашылдардың Американы реиндустрияландыру туралы идеясын жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл онжылдықтарға бағытталған бағдарламалар болмақ.
Лондондағы The Guardian басылымы "онжылдықтың соңына қарай экономика көлемі бойынша Қытай АҚШ-ты басып озып, әлемдік технологиялық көшбасшылықты өзіне алады" деп жазды.
Лондон басылымындағы мақала Байденнің іссапар бағытын айқындаған секілді. Америка президенті Ұлыбританияда G7 саммиті аясында Батыс көшбасшыларымен кездеседі. Содан кейін НАТО және еуроқұрылымдармен кездесу болады. Мұнда басты тақырып Қытай мәселесі болатыны анық.
АҚШ жоғарыда аталған заң аясында қытай мен америкалық тауарды салыстыра келіп, оның кейбірі америкалықтардан ұрланған технология негізінде дайындалған деп айыптауы да таңғаларлық жағдай болмайды. Сондықтан кейбір еуропалықтарды өнімді сатып алмауға үгіттеуі мүмкін. Одақтастар бұл айыптауға сене ме? Бұл күрделі мәселе.
Соған қарағанда Женевадағы саммит Байденнің Еуропаға іссапарынан тыс қалатын секілді. АҚШ президенті үшін Мәскеумен екіжақты қарым-қатынас екінші орында тұр. Бірақ Ресейдің Бейжіңмен байланысы және оған көзқарасын анықтау үшін келіссөздер жүруі мүмкін. Бәлкім Ресей бейтарап позицияны таңдайтын шығар.