Қоғам

Экс-министр Біртановтың үйқамақта болу мерзімі ұзартылды

Біртановқа туыстарымен және әріптестерімен байланыста болуға рұқсат берілді. Бір ай бойы тергеу органдары тергеу амалдарын жалғастырады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Сот бұрынғы министр Елжан Біртановтың үйқамақта болу мерзімін 2021 жылдың 14 шілдесіне дейін ұзартты.

Сейсенбі, 8 маусымда елордадағы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Елжан Біртановтың үйқамақта болу мерзімін ұзарту бойынша мәселені қарастырды. Судья Ақмарал Исаева 9 маусым күні таңертең шешім шығарды. Біртанов қорғаушыларының талап арызы қанағаттандырылмады.

"Біртанов Елжан Амантайұлына қатысты үй қамауы түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімі 2021 жылдың 14 маусымынан 14 шілдесіне дейінгі мерзімді қоса есептегенде 9 айға созылсын. Күдікті адвокаттары мен қорғаушыларының талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын", – деді судья Исаева.

Прокурор нені талап етті

Прокурор Төлеген Жараспаев Біртановқа қатысты үй қамауындағы мерзімді 9 айға, яғни 2021 жылдың 14 шілдесіне дейін ұзарту туралы талап арызды баяндады.

"Қосымша сараптама аяқталды, денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлерінен жауап алынды, басқа да тергеу әрекеттері жүргізілді. Талап арыз орындалған жұмыстар актісі бойынша мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысымен негізделіп отыр. Сондай-ақ үйқамақта болу мерзімі 14 маусымда аяқталуына байланысты бұл уақытқа дейін тергеуді аяқтау мүмкін болмай тұр. Сондықтан үй қамауындағы мерзімді 14 шілдеге дейін ұзарту туралы талап арызды қанағаттандыруды сұраймын", – деді мемлекеттік айыптаушы сотта.

Сонымен қатар қадағалаушы орган судьядан Біртановтың үйден шығуына, телефон арқылы сөйлесуіне және хат-хабарламалар жолдауына тыйым салуды сұрады.

"Тергеу органы отбасы мүшелерінен басқа адамдармен сөйлесуге, телефон арқылы сөйлесуге, үйінен сыртқа шығуға тыйым салуын қайта талап етеді. Тергеу мерзімі де 1 тамызға дейін ұзартылады", – деп жалғады прокурор.

Айта кетейік, осы жылдың 21 сәуірінде судья Елжан Біртановтың үйқамаудағы мерзімін 14 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдаған болатын. Сол кезде сот бұрынғы денсаулық сақтау министріне "өмірлік маңызы бар әрекеттерді орындау үшін" таңғы 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін үйінен шығуға рұқсат берген болатын. 6 мамырда өткен сот отырысында экс-министрдің үй қамауындағы мерзімі 14 шілдеге дейін созылды.

Сотта сөйлеген Біртанов денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған кезде ешқандай сыбайлас жемқорлық іс-әрекетіне қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол соттан тергеу органының әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрады.

Біртанов қандай қылмыс үшін айыпталуда

Біршама уақыт бұрын тергеу соты кезінде прокурор бұрынғы денсаулық сақтау министріне қатысты айыптаумен таныстырды. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сотқа дейінгі тергеу 2015 жылы денсаулық сақтау министрлігі Ericsson Nikola Tesla Хорват фирмасымен 17,8 миллион долларға "Денсаулық сақтау саласының ақпараттық жүйелерін ақпараттандыру және өзара әрекеттесу платформасы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жеткізуге келісімшарт жасағанын анықтады.

Прокурор Төлеген Жараспаев денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "платформаның жұмыс істемейтінін алдын ала білгенін", "Олжас Әбішевпен (бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі) алдын ала сөз байласу арқылы 2018 жылдың қазанында Нұр-Сұлтан, Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облысындағы 17 емдеу мекемесінде платформаны пилоттық үлгіде пайдалану туралы бұйрыққа қол қойды".

Оқи отырыңыз: Біртановтың адвокаты сотқа куәгер ретінде Тоқаевты шақыруды сұрады

Прокурордың айтуынша, Біртанов осы әрекеттерімен бюджет қаражатын талан-таражға түсуіне ықпал етіп, мемлекетке 1,5 миллиард теңге көлемінде материалдық шығын келтірді. Біртановтің адвокаттары оның толық кінәсіз екенін айтуда.