Өңірлер

Ақтөбеде жантүршігерлік жол апаты болды: үш адам көз жұмды

Ауыр жарақат алған тағы үшеуі жергілікті ауруханаға түсті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым — Sputnik. Ақтөбеде ВАЗ көлігі мен ЗИЛ жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан үш адам қайтыс болды, тағы үшеуі ауруханада, оның ішінде бір жасар сәби бар, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Көлік апатынан жарақат алған екі жолаушының жағдайы тым ауыр. Әсіресе 62 жастағы әйел ауыр халде жатыр дейді дәрігерлер. Ал балалар ауруханасына жеткізілген бір жастағы сәбидің сүйегі аман екен.

Оқи отырыңыз: Қарағандыда жеңіл көлік мотоциклді жаншып өтті: бір бала қаза тапты

Оқыс оқиға қаланың орталық көшесінде болды.Базардан қала іргесіндегі Ақжар ауылына қатынайтын таксиде бір бала мен бес ересек адам болған. "ВАЗ" көлігі қиылыстан бұрыла бергенде "ЗИЛ" машинасына соғылады. Такси жүргізушісі мен екі жолаушы сол жерде көз жұмған. Жарақат алған екі әйел жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді.

"Бөлімде жатқан адамның есі бар, жағдайы орташа ауырлықта. Жансақтау бөлімінде жатқан науқастың жағдайы ауыр. Аппаратпен демалып жатыр. Ота жасалды. Талағы жарылған. Қабырғалары сынған. Басында зақым бар", - Ақтөбе облысы жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапанов. 

Сүйегі сынған науқастардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр, есін әлі жимаған. Ал көлікте болған бір жастағы сәбидің он екі мүшесі сау, тек терісі жырылған дейді дәрігерлер.