Өңірлер

Даниал Ахметов 30 метрлік монументтің жобасын көрсетті

Өңір басшысының айтуынша, мүсіндер қоладан, ал монументтің қабырғалары мәрмәр тастан жасалады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Өскемен қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған алып монументті орнату жоспарланып отыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Әкімнің сөзіне қарағанда, монумент қаланың жаңадан салыған 19-шағын ауданында орнатылады.

"30 метрлік көп фигуралы "Тәуелсіздік монументі" мүсіндік композициясы Қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихын бейнелейді", – дейді Ахметов.

Композицияның ортасында алтыбұрышты ескерткіш тұрады. Оның биіктігі – 12,6 метр, диаметрі – 11,3 метр. Ал төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихын бейнелейтін рельеф болады. 

"Монументтің орталық бөлігінде қазақ халқының бірлігі мен елдігін бейнелейтін үш биіміз – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би қойылған. Екі жағында Қазақ хандығында қабылданған "Жеті жарғы" заңдар жинағының үзінділері жазылған. Монументтің басында Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібек бейнелері орналасқан", – дейді аймақ басшысы.

Оқи отырыңыз: "Дөрекілікті мойындаймын": Даниал Ахметов ардагерді құттықтауға қатысты пікір білдірді

Мүсіндер қоладан, ал монументтің қабырғалары мәрмәр тастан жасалады. Жаңа монумент Сағадат Нұрмағамбетов атындағы жаңа аллеямен жалғасады. Сол жерде Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Сағадат Қожахметұлының құрметіне ескерткіш те қойылады.