Су-57 жойғыш ұшағына қызығушылық танытқан елдер саны артты

Көп функциялы Су-57 жойғыш ұшағы Ресейдің әуе-ғарыш күштеріне 2020 жылдың желтоқсанында қабылданған болатын. Бесінші буынға жататын бірінші топтамалы жойғыш 2021 жылдың басында Оңтүстік әскери округке табысталды
Sputnik

Қазір машинаны модернизациялау жүріп жатыр. Нәтижесінде ұшаққа екінші кезеңдегі жетілдірілген қозғалтқыштар, жасанды интеллект пен бірқатар қару-жарақты орталықтан автоматты түрде басқару тетігі орнатылады деп жоспарланған.

Бесінші буынның Су-57 ұшағы әуедегі, жердегі және су үстіндегі кез келген нысанды жоюға арналған. Оның дыбыстан жоғары крейсерлік жылдамдығы, фюзеляжішілік қару-жарағы, радиотолқындарды жұтып қоятын жабыны және борттық жабдықтардың жаңа кешені бар.

Ресейлік "Руслан" әскери ұшағы қайта құрастырыла ма
Су-57 жоғары маневрлілігі және жауынгерлік сипаттамалары жағынан ерекшеленеді. 2024 жылдың соңына дейін Ресей ӘҒК 22 бірлік Су-57 алса, 2028 жылға дейін олардың әскердегі саны 76-ға жетеді деп көзделуде. Содан кейін Су-57Э Ресейдің шетелдік одақтастары мен стратегиялық серіктестеріне экспортталады.

Батыстық сарапшылардың есебі бойынша, ресейлік Су-57 ұшағын сатып алушылар кезегінде ондаған мемлекет тұр. Бұл жағдайға жақында ғана америкалық F-35 жобасының сәтсіздігі мен АҚШ әскери-әуе күштерінің бұл машинаны 2022 жылы іске қосудан бас тартуы да әсер етті.

Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров жақында ғана 2021 жылы бекітілген кестеге сәйкес Су-57 құрылысы үдетілетінін мәлімдеді. Ұшаққа "Сатурн 30" жаңа қозғалтқыштары орнатылып, олар 2022 жылы әскерге жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Бірінші кезең қозғалтқыштары (АЛ-41Ф1) көп дегенде бес машинаға орнатылады.

Сонымен қатар Су-57 жойғыштарының өндірісін үдету 2024 жылы да белгіленіп отыр. Қарулану мен авиониканың жаңа жүйесі аясында Су-57 планерінің конструкциясында да елеулі өзгерістер болады деп күтілуде.

Денис Мантуров ресейлік ұшқышсыз ұшу аппараттарының жүйесі Су-57 ауыр жойғыш ұшақтарымен бірлесе отырып жауынгерлік басқарудың әуе орталығына айналатынын атап өтті. Кейбір дереккөздер Су-57 кабинасынан бірнеше соққы жасаушы ұшқышсыз ұша алатын ұшақтарды басқару мүмкіндігі қарастырылып жатқанын жазды.

Су-57 жойғыш ұшағының жасанды интеллекті соғыс кезіндегі басқару жүйесіне кіріктірілген. Сондықтан басқарылатын жойғыш ұшақтың өзі адамның қатысуынсыз-ақ алдағы тапсырмалардың 90%-ін орындай алады. Бұл алдын ала орнатылған бағдарламаның арқасында мүмкін болады. Егер соғыс кезінде ұшқыш жараланса немесе көз жұмса, Су-57 ұшағының электронды "миы" нысандарға сәтті соққы жасап, автоматты режимде базаға қайта орала алады.

Су-57 жойғышы туралы не білеміз?
Алдағы уақытта Су-57 мен "Охотник" ұшқышсыз ұшатын аппаратын біріктіре отырып пайдалану мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Бұл екі машина да Сухой тәжірибелік-конструкторлық бюросында дайындалған. Бұл мақсат жүзеге асырылса, 20 тонналық "Охотниктер" басқарылатын Су-57 ұшағымен әуедегі және жердегі нысандардың көзін жойып, тапсырмалардың кең спектрін орындай алады.

Су-57 жойғыш ұшағының қауіпсіздік жүйесі де осал емес – оның радарлары, лазерлері, радиоэлектронды құралдармен күрес жабдықтары бар. Сонымен қатар әрекет ету қашықтығы сәйкесінше 195 және 400 километр болатын "әуе – әуе" К-77 және Р-37М зымырандарымен жабдықталған.

Соғыс кезінде Су-57 жойғыш, шабуылдаушы ұшақ немесе ауыр ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған әуедегі басқару орны қызметін атқара алады. Маневрлілігінің жоғары болуымен қатар, оның қарсыластың радарларына түсу мүмкіндігі төмен. Дыбыстан жоғары жылдамдықта әуеде ұзақ уақыт бойы ұша алатын бұл машинаның бортында шағын, орташа және үлкен қашықтыққа ұша алатын зымырандар бар.

Алжир бірінші болып 14 дана Су-57 жойғышына тапсырыс берді. Келісімшарт құны 2 миллиард долларды құрайды. Өз аумағында лицензиялық өндірісті дамытқысы келетін Үндістан да осы техниканың ірі экспорттаушысы болып отыр. Су-57 жойғышына Үндістан мен Алжирден басқа Қытай, Мьянма, Вьетнам, Малайзия, Иран және Түркия да қызығушылық танытып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша бүгінде виртуалды кезекте Қазақстан, Эфиопия және Мысыр тұр.