Қазір машинаны модернизациялау жүріп жатыр. Нәтижесінде ұшаққа екінші кезеңдегі жетілдірілген қозғалтқыштар, жасанды интеллект пен бірқатар қару-жарақты орталықтан автоматты түрде басқару тетігі орнатылады деп жоспарланған.
Бесінші буынның Су-57 ұшағы әуедегі, жердегі және су үстіндегі кез келген нысанды жоюға арналған. Оның дыбыстан жоғары крейсерлік жылдамдығы, фюзеляжішілік қару-жарағы, радиотолқындарды жұтып қоятын жабыны және борттық жабдықтардың жаңа кешені бар.
Батыстық сарапшылардың есебі бойынша, ресейлік Су-57 ұшағын сатып алушылар кезегінде ондаған мемлекет тұр. Бұл жағдайға жақында ғана америкалық F-35 жобасының сәтсіздігі мен АҚШ әскери-әуе күштерінің бұл машинаны 2022 жылы іске қосудан бас тартуы да әсер етті.
Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров жақында ғана 2021 жылы бекітілген кестеге сәйкес Су-57 құрылысы үдетілетінін мәлімдеді. Ұшаққа "Сатурн 30" жаңа қозғалтқыштары орнатылып, олар 2022 жылы әскерге жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Бірінші кезең қозғалтқыштары (АЛ-41Ф1) көп дегенде бес машинаға орнатылады.
Сонымен қатар Су-57 жойғыштарының өндірісін үдету 2024 жылы да белгіленіп отыр. Қарулану мен авиониканың жаңа жүйесі аясында Су-57 планерінің конструкциясында да елеулі өзгерістер болады деп күтілуде.
Денис Мантуров ресейлік ұшқышсыз ұшу аппараттарының жүйесі Су-57 ауыр жойғыш ұшақтарымен бірлесе отырып жауынгерлік басқарудың әуе орталығына айналатынын атап өтті. Кейбір дереккөздер Су-57 кабинасынан бірнеше соққы жасаушы ұшқышсыз ұша алатын ұшақтарды басқару мүмкіндігі қарастырылып жатқанын жазды.
Су-57 жойғыш ұшағының жасанды интеллекті соғыс кезіндегі басқару жүйесіне кіріктірілген. Сондықтан басқарылатын жойғыш ұшақтың өзі адамның қатысуынсыз-ақ алдағы тапсырмалардың 90%-ін орындай алады. Бұл алдын ала орнатылған бағдарламаның арқасында мүмкін болады. Егер соғыс кезінде ұшқыш жараланса немесе көз жұмса, Су-57 ұшағының электронды "миы" нысандарға сәтті соққы жасап, автоматты режимде базаға қайта орала алады.
Су-57 жойғыш ұшағының қауіпсіздік жүйесі де осал емес – оның радарлары, лазерлері, радиоэлектронды құралдармен күрес жабдықтары бар. Сонымен қатар әрекет ету қашықтығы сәйкесінше 195 және 400 километр болатын "әуе – әуе" К-77 және Р-37М зымырандарымен жабдықталған.
Соғыс кезінде Су-57 жойғыш, шабуылдаушы ұшақ немесе ауыр ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған әуедегі басқару орны қызметін атқара алады. Маневрлілігінің жоғары болуымен қатар, оның қарсыластың радарларына түсу мүмкіндігі төмен. Дыбыстан жоғары жылдамдықта әуеде ұзақ уақыт бойы ұша алатын бұл машинаның бортында шағын, орташа және үлкен қашықтыққа ұша алатын зымырандар бар.
Алжир бірінші болып 14 дана Су-57 жойғышына тапсырыс берді. Келісімшарт құны 2 миллиард долларды құрайды. Өз аумағында лицензиялық өндірісті дамытқысы келетін Үндістан да осы техниканың ірі экспорттаушысы болып отыр. Су-57 жойғышына Үндістан мен Алжирден басқа Қытай, Мьянма, Вьетнам, Малайзия, Иран және Түркия да қызығушылық танытып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша бүгінде виртуалды кезекте Қазақстан, Эфиопия және Мысыр тұр.