Қоғам

QazVac-тың мәселесі: вакцина жасаушылар ғалымдардың сынына түсініктеме берді

Институт мамандары QazVac-ты әзірлеу кезінде формальдегид пайдаланылатынын растады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым — Sputnik. Коронавирусқа қарсы QazVac екпесін өндіруші - биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми зерттеу институты Medsupportkz қауымдастығының ғалымдары мен дәрігерлері көтерген мәселеге жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Институт мамандары QazVac-ты әзірлеу кезінде формальдегид пайдаланылатынын растады. Онымен вирустың белсенділігін жояды. Бірақ бұл отандық фармакопеяда шектелмеген дәстүрлі әдіс болып табылады.

"Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігіне келетін болсақ, оны өндіру барысында электрондық микроскоп арқылы вирустың морфологиялық тұтастығы мен қауіпсіздігі бірнеше рет тексеріледі. Клиникалық зерттеулердің барлық үш фазасында клиникаға дейінгі сынақтардағы жануарларды және вакцинацияланған еріктілерді талдау нәтижелері олардың қан сарысуында COVID-19 инфекциясының алдын алатын әрі бейтараптандыратын антиденелер пайда болғандығын көрсетеді", - делінген ресми хабарламада.

Осылайша, QazVac вакцинасын өндіруде формальдегидті қолдану оның антигендігі мен иммуногенділігін төмендетпейді.

QazVac вакцинасын әзірлеушілер клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің нәтижелері бойынша осы жылдың шілде айында беделді әлемдік ғылыми басылымдарда жарияланатын екі ғылыми мақаланы дайындағанын да мәлімдеді. Қазіргі уақытта мақалалар рецензиялаудан өтіп, баспаға қабылданды.

Институт таратқан баспасөз хабарламасында сарапшылардың пікірі де берілген. Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұловтың айтуынша, ғалымдар мен дәрігерлер қауымдастығының QazVac вакцинасын дайындау кезінде формальдегидті қолдануға қатысты алаңдаушылықтары орынды. Шынында да, вирусты бейтараптандыру үшін қолданылатын формальдегид вакцинаның антигендік қасиеттерін бұзып, оның тиімділігін төмендетуі мүмкін.

"Сондықтан вакцинаға толыққанды баға беру үшін клиникалық сынақтардың үшінші фазасы жүргізіледі. Қазіргі таңда QazVac вакцинасы бойынша клиникалық сынақтардың үшінші кезеңін аяқтап жатқанын білеміз. Сарапшылар тобының құрамында болып, клиникалық зерттеулердің бірінші және екінші фазаларында алынған нәтижелермен мұқият таныстым. Зертеулердің нәтижелері вакцина алған адамдарда күшті жасушалық иммунитет және жеткілікті антидененің қалыптасуын айқын көрсетті деп айта аламын. Бұл отандық QazVac вакцинасын өндіру кезінде белсенділігі жойылған вирус өзінің антигендік қасиеттерін жоғалтпайды, яғни формальдегидті қолдану толығымен негізделген дегенді білдіреді. Бұл деректер әлемдегі ең беделді медициналық басылымдардың бірінде жарияланады", - дейді Раманқұлов.

Оның айтуынша, шілде айының ортасында вакцина салдырған еріктілер мен плацебо топтары арасында COVID-19 науқастарының саны ескерілетін клиникалық сынақтардың үшінші кезеңі аяқталады. Сол кезде QazVac вакцинасының тиімділігін нақты бағалауға болады.

Оқи отырыңыз: Жастардың вакцина салдыру қарқыны төмен: алматылық дәрігерлер алаңдаушылық білдірді

Ал С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин QazVac вакцинасының қауіпсіздігі мен уыттылығының жоқтығы алдымен  жануарларға жүргізілген зертханалық тәжірибелер барысында, ал бірінші және екінші кезеңінде еріктілер тобына жасалған зерттеулер кезінде расталды.

"QazVac вакцинасының вирусқа қарсы белсенділігі мен клиникалық тиімділігі клиникалық сынақтардың үшінші фазасының бірінші жартысының нәтижелері бойынша дәлелденді.  Формальдегид әртүрлі вакциналар өндірісінде ұзақ уақыт бойы пайдаланылып келеді. Мәселен, ол тырысқаққа қарсы вакциналарда, сондай-ақ балаларға арналған әйгілі поливалентті вакциналарда кездеседі", - деп атап көрсетті Нұрғожин.

Ғалымның айтуынша, формальдегид пен COVID-19 вирусының өзара әрекеттесуі туралы бірнеше мақалалар жарияланды. Формальдегид вирустың белсенділігін жою үшін қолданылады, ал вирустың құрамына кіретін S-протеиннің өзі конформациялық өзгерістерге ұшырамайды. S-протеинге реакция ретінде антиденелер түзіліп, нәтижесінде ағзаның иммундық реакциясы пайда болады.