НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Арқалықтық кәмелетке толмаған баланың әкесі даулы видеодан кейін полиция қызметкерлері мен жол қозғалысына қатысушылардан кешірім сұрады.
Сергей Буглов 31 мамырда өзінің кәмелетке толмаған баласы басқарған Mitsubishi Pajero көлігімен полиция қызметкерлерінен жасырынғанын айтты.
"Мен балам үшін және жол қозғалысына қатысушылар мен жаяу жүргіншілерге қатысты дұрыс емес әрекет жасадым. Бәрінен кешірім сұрағым келеді. Жол полициясы бәрін заң аясында жасады. Егер олар мені тоқтатпаса, соңы қандай жағдайға душар ететіні маған да беймәлім болатын", – дейді ол.
Ер адам бейнежазба астына оның өзін айыптаған пікірлермен де келісетінін атап өтті.
"Мен полиция қызметкерлерінің қатаң жазаланбауын қалаймын. Тіпті, олар мүлдем жазаланбағаны дұрыс. Өйткені бәріне тек қана мен кінәлімін", – дейді баланың әкесі.
Сондай-ақ, ол қудалау кезінде қауіп төнген жол қозғалысының қатысушыларынан да кешірім сұрады.
Арқалықтағы оқ ату оқиғасы
Бір күн бұрын ғаламторда көлік ішінде түсірілген даулы видео тарады. Видеода 35 жастағы Арқалық қаласының тұрғыны мас күйінде өзінің 14 жасар ұлына жол талғамайтын Mitsubishi Pajero көлігін айдатады.
Көлік ішінде өзге де жолаушылар болған. Тәртіп сақшылары жасөспірімді байқап, тоқтауын талап еткенде, әкесі баласына тоқтамау керектігін айтады. Тіпті, қуғыншылардан қалай құтылуға болатынын айтып, жөн сілтеп отырады.
Автокөлікті тоқтатуды бірнеше рет талап еткенімен, нәтиже шықпаған соң полицейлер көліктің артқы дөңгелегін атуға мәжбүр болған.
"Ер адамға қатысты Әкімшілік кодекстің 612-бап, 5-бөлігі (көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адамға көлік құралын басқаруға беру) және 613-баптың 1-бөлігі (заңды талаптарды орындамау) бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылды", – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар, 14 жасар баланың ата-анасына қатысты материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберілді.
Оқи отырыңыз: Рөлде ұйықтап кеткен: көліктің адамдарды басып кеткені видеоға түсіп қалды
Ал полицияның қару қолдануы заңды деп танылды.