НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Ақтөбеде қоғамдық көліктегі қолма-қол ақшамен төлем жасау жүйесін қолданыстан шығару жүргізушілер мен көлік паркінің басшылығы арасындағы дауға себеп болды.
Қалада төлем картасына көшу 31 мамырда іске қосылды. Өзге өңірлердегі тәжірибе негізінде жолақы төлем картасы арқылы 80 теңге, ал қолма-қол төлем 150 теңгені құрайды.
Мұндай өзгеріс қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлардың ереуіліне ұласты. Сөйтіп 1 маусымда түстен кейін автопарк қызметкерлері бағыт бойынша желіге шығудан бас тартты.
Парк басшылығы жүргізушілер мен кондукторларды қолма-қол төлем арқылы ақша жымқырады деп айыптады.
"Кейбір жүргізуші-арандатушылар қалтасына күнделікті қолма-қол ақшаны иемденгісі келуі (15 000-нан 25 000 теңгеге дейін) осындай наразылық көңіл-күйге әкеп соғуда. Соның салдарынан қарапайым азаматтар зардап шегуде", – дейді "Автопарк" ЖШС-нің жетекшілері.
Олар жүргізушілердің жалақысы 200 мың теңгені екенін және жұмыс істеуге барлық жағдай жасалғанын алға тартып отыр.
"Жаңа еңбек шартымен келіспегендер жұмыстан шығарылады", – дейді көлік паркінің өкілдері.
Сонымен қатар ереуілге шыққандардың тізімі полицияға жіберілген.
Оқи отырыңыз: Алматыда жолаушылармен төбелескен автобус жүргізушісі мен кондуктор ұсталды