Қоғам

"Зор мақтаныш": Тоқаев Жансая Әбдімәлікті құттықтады

21 жастағы қазақстандық шахматшы Гибралтарда өткен FIDE Women's Grand Prix (FIDE әйелдер Гран-при сериясының соңғы кезеңі) шахмат турнирінде жеңіске жетті
Sputnik

АЛМАТЫ, 2 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлікті FIDE Women`s Grand Prix турниріндегі жеңісімен құттықтады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды.

"Мемлекет басшысы Жансая Әбдімәлікті ФИДЕ Гран-приіндегі тамаша жеңісімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жеңістің баршамыз үшін зор мақтаныш екенін айтты", - деп жазды Уәли.

Жансая – ерлер арасындағы гроссмейстер атағына қол жеткізген тұңғыш қазақстандық шахматшы қыз. Оның жетістігі елімізде осы спорттың дамуына тың серпін берері сөзсіз, деп толықтырды ол.

Айта кетейік, 21 жастағы қазақстандық шахматшы Гибралтарда өткен FIDE Women's Grand Prix (FIDE әйелдер Гран-при сериясының соңғы кезеңі) шахмат турнирінде жеңіске жетті.

Оқи отырыңыз: Жансая Әбдімәлік Алматы мәслихатындағы ең жас депутат атанды

Бұл турнир қазақстандық шахматшыға ерлер арасындағы гроссмейстер нормасын орындауға мүмкіндік берді, себебі турнирге басқа елдерден көптеген ерлер арасындағы гроссмейстерлер қатысты.

Қазақстан шахмат федерациясы Әбдімәліктің бұл жеңісін Қазақстан мен Орталық Азия үшін бұл айтулы оқиға болды деп атап өтті. Себебі бұған дейін бізде әйелдер арасынан шыққан ерлер гроссмейстерлері болмаған.

Жансая Әбдімәлік алты сағат бойы Ресейден келген халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Валентина Гунинамен бәскелесіп, жеңіске жетті.

"Алақай! Мен ерлер арасындағы халықаралық гроссмейстермін!"- деп жазды Жансая Әбдімәлік Instagram парақшасында.

Жансая Әбдімәліктің жетістігі

Жансая 2000 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген.

Ол қыздар арасында екі дүркін әлем чемпионы, әйелдер арасында Қазақстан чемпионы.

14 жасында ол Динара Сәдуақасоваға тиесілі болған ұлттық рекордты бұзып, әйелдер гроссмейстері атағын алды (Сәдуақасова 16 жасында әйелдер гроссмейстері болды).

17 жасында ерлер спорт шебері нормасын орындады және ерлер гроссмейстері атағын алу үшін алғашқы балл алды.

18 жасында  ерлер гроссмейстері атағына екінші балл жинады.

21 жасында Жансая Әбдімәлік қазақстандық әйелдер шахматы тарихындағы алғашқы ерлер арасындағы гроссмейстер атанды.

Сондай-ақ ол 2021 жылы Алматы қаласының мәслихат депутаты болды.