НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Мамандандырылған ауданаралық әскери соты бастығын өлтірді деп айыпталған әскери қызметшіге үкім шығарды, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Талдықорған қаласында жүргізілген тергеп, тексеру нәтижесінде 2019 жылдың желтоқсан айында капитан И. 16-калибрлі мылтықпен өзіне жақын маңда тұрған бастығы майор Д-ны атып жіберген.
Жәбірленуші алған жарақаты салдарынан оқиға орнында қайтыс болған. Кейін сотталушы қылмысын жасыру мақсатымен қаруды өзенге лақтырған.
"Әскери сот капитан И-ді Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі (кісі өлтіру) және 287-баптың 2-бөлігі (атыс қаруын сақтау мен алып жүру) бойынша кінәлі деп таныды", – делінген хабарламада.
Сот капитан И-ді қауіпсіздігі барынша күшейтілген қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 12 жыл бойы жазасын өтеуге үкім шығарды.
Оқи отырыңыз: Әйелін атып, немересін жаралады: Солтүстік Қазақстандағы трагедияның мән-жайы
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.