Қоғам

Қазақстанда балалар игілігі индексі енгізіледі

Индекс халықаралық талаптарды ескеріп, қауіпсіздік, денсаулық, білім, материалдық игілік, балаларды әлеуметтендіру салаларын қамтуға тиіс
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Келесі жылы Қазақстанда балалар игілігі индексі енгізіледі. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Өздеріңізге мәлім, бүгін Халықаралық балаларды қорғау күні. Әр баланың балалық шағы бақытты, қамқорлыққа толы болуы керек. Сондықтан 2022 жылы Балалар игілігінің қазақстандық индексін енгізуді қамтамасыз ету қажеттігін қолдаймын", - деді ол үкімет отырысында.

Айтуынша, индекс халықаралық талаптарды ескеріп, барлық өмірлік маңызды саланы – қауіпсіздік, денсаулық, білім, материалдық игілік, балаларды әлеуметтендіруді қамтуға тиіс. Осы индекстің көмегімен мемлекеттік органдардың балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі жұмысының нәтижелілігі қадағаланады.

Сондай-ақ Мамин балаларды құқықтары мен олардың қауіпсіздігіне қатысты құзырлы органдарға бірқатар тапсырма берді.

ЮНИСЕФ Қазақстанға қыркүйекте бүкіл мектепті ашуға кеңес берді

Ол балалардың білім беру ұйымдарында, көшеде, демалыс кезінде қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Осыған байланысты министрліктерге әкімдіктермен бірлесіп мектептерде тиісті қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету бойынша жол картасын екі апта ішінде әзірлеуді тапсырды.

"Бейнебақылау жүйелері мен олардың полицияның жедел басқару орталықтарымен интеграциялануына, "дабыл түймесінің" болуына және жедел ден қоюға ерекше назар аудару керек. Барлық іс-шара оқу жылы басталғанға дейін аяқталуға тиіс. Бұл мәселе үкімет отырысында қарастырылады", - деді Мамин.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігіне мектеп медицинасын, ерте дамыту мен скрининг кабинеттерінің, балалар үйлерінің, балалар стационары мен емханалардың материалдық-техникалық базасын дамытуды бұйырды.