Қоғам

Түркістан облысында тауда жоғалған туристердің сөмкесі табылды – видео

25 мамырда жоғалған жеті адамның екеуі әлі іздестірілуде, құтқарушыларға өзбекстандық әріптестері де көмектесіп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Түркістан облысында құтқарушылар тауда жоғалған туристердің біріне тиесілі сөмкені тапты.

Сөмке Өгем өзенінің бойынан табылды, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Құтқарушылар сөмкені полиция қызметкерлеріне тапсырды. Жоғалған екі туристі іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ведомство ақпаратынша, аймаққа "Қазавиақұтқарудың" екі тікұшағымен  аэровизуалды барлау жасалуда.

Іздеу жұмыстарына Түркістан облысы ТЖ департаментінен, полиция департаментінен,  ҰҚК Шекара қызметінен, Орман шаруашылығынан, Өзбекстан ТЖМ жеке құрамынан 73 маман, 12 бірлік техника және жоғалған туристердің туыстары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары сегіз бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.

Тағы оқыңыз: Түркістан облысында жоғалып кеткен 7 жігітке қатысты мәлімет шықты

Еске салсақ, 25 мамырда кешке Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында жеті туристің жоғалып кеткені туралы хабар түсті.

Анықталғандай, жігіттердің бірі ауырып қалғандықтан, олар екі топқа бөлінген. Үшеуі көмек күтіп қалған, ал төртеуі құтқарушыларды шақыруға кеткен.

28 мамырда бірінші топ аман-есен отбасымен қауышты. 29 мамырда екі туристің мәйіті табылды. Қалған екі жігіт әлі іздестірілуде.

Тауға шыққан туристер – Назарбаев университетінің студенттері, біреуі – мектеп түлегі. Топ 21 мамырда "Сары-Айғыр" шатқалына аттанып, 24 мамырда үйге оралуды жоспарлаған.